379.46 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ауыл» партиясы кезектен тыс президенттік сайлауға өз үміткерін ұсынды

  • 240
  • UPD: 20:11, 25.04.2019

 

Кезектен тыс XV съезін өткізген «Ауыл» партиясы бүгін өз үміткерін ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналған делегаттар Төлеутай Сатайұлы Рахымбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің дамуын жеделдету мен әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру міндеттерін алға қойған демократиялық-патриоттық партиядан президенттікке үміткер ұсынуға 70 делегат келді.

Партияның үздік өкілін таңдау шарасы екі сағатқа созылды. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған делегаттар мен қонақтар ұсыныс білдірген барлық өкілдердің бағдарламасын тыңдап, өз таңдауларын Төлеутай Рахымбековке берді. Айта кету керек, Төлеутай Рахымбеков 1964 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. Еңбек жолын ол 1986 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтының кіші ғылыми қызметкері, аспиранты болып бастаған. 2019 жылдың сәуір айынан бері «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» ХДПП мүшесі:

– Съезд делегаттарының ұсыныстарын қосып, барлығын талдап, талқылап қорытындысы ретінде сайлауалды бағдарламам болады деп есептеймін.

Жалпы 5 адам президенттікке үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған. Бүгін олардың барлығының дайындаған бағдарламалары тыңдалды. Кезектен тыс съездің нәтижесі бойынша сайлауалды бағдарламасында ауылшаруашылығы мен әлеуметтік салаға ерекше мән берген партия мүшесіне жасырын дауыс берілді.

Естеріңізге сала кетейік, кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусымда өтеді. Қазақстанда 6 саяси партия тіркелген. Nur Otan «Ақ жол», «Ауыл» және Қазақстан коммунистік халық партиясы сайлауға қатысатындарын бірден мәлімдеді.

Авторы: Айнұр Абдиева

Хабар 24 телеарнасы