378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚКХП президенттік сайлауға үміткер ретінде Жамбыл Ахметбековті ұсынды

  • 214
  • UPD: 21:34, 26.04.2019

Президенттік сайлауға түсуге құжат тапсырған кезекті үміткердің есімі белгілі болды.

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының кезектен тыс 14-құрылтайында комитет хатшысы Жамбыл Ахметбековтің кандидатурасы ұсынылды.

Жасы 60-ты алқымдаған Жамбыл Ахметбеков кезектен тыс президенттік сайлауға Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан осымен 2-рет ұсынылып отыр. Ақмола облысының тумасы өзінің еңбек жолын 1983 жылы Қорғалжын ауданында механик болып бастаған. Араға 4 жыл салып Қазақстан компартиясының аудандық комитетінде идеологиялық нұсқаушы ретінде қызмет ете бастайды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚКХП орталық комитетінің хатшысы:

- Саяси бағдарламалық жобамыз 6 негізгі бағыттан тұрады. Олар: кедейлікпен күрес, көрші елдермен сенімді байланыс орнату, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ пен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын одан ары дамыту, салықтық саясатты реттеу, білім беру жүйесін жаңғырту, ауылшаруашылық өнімділігін арттыру және халықтың әр деңгейдегі әкімдерді сайлауы.

Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, үстеме табыс табатын кәсіпкерлерге салынатын салық көлемін өсіру қажет. Сонымен қатар негізгі тезистердің қатарында бұрынғысынша Батыстың кері ықпалынан ажырау бастамасы да бар. Отбасылық құндылыққа мән берілу керектігі айтылды.

Жамбыл Ахметбеков, ҚКХП орталық комитетінің хатшысы

- Интернет контенттердің көбін өзіміздің ар-ожданымызға, өзіміздің рухани байлығымызға, өзіміздің менталитетімізге, осыған кері әсер етіп жатқан батыстық контенттер, батыстық сайттардың бәрін жабуымыз керек. Өйткені қазіргі олардың әсері арқылы біз өзіміздің бұрынғы менталилетімізді жоғалтып, өз құндылығымызды жоғалтып бара жатырмыз. Жанұя деген құндылық, адам адамды сыйлау деген құндылық, кішінің үлкенді сыйлау дегені, үлкеннің кішіге ізет дегендері.

«Бұл жолғы саяси бағдар жобаның 2011-2012 жылдары ұсынылған сайлауалды бағдарламадан айырмашылығы айтарлықтай көп», – дейді Қызылорда облыстық филиалының бірінші хатшысы Талғат Төлеубаев.

Талғат Төлеубаев, ҚКХП Қызылорда облыстық филиалының бірінші хатшысы:

- Біз әлеуметтік әділдікке өте көп мән береміз. Біріншіден, кедейлікпен күрес. Оның бағдарламасында айтылған. Екінші мәселе, біздің ойымызша, әр деңгейдегі әкімдер сайлауға түсуі керек. Бұл ол кісілердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Еске салайық, 2012 жылы өткен президенттік сайлауда компартия үміткері сайлаушылардың 1,36 процент дауысын алып, үшінші орыннан көрінген болатын.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы