378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әміржан Қосанов президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынылды

  • 726
  • UPD: 23:29, 26.04.2019

Бүгін Алматыда «Ұлт тағдыры» қозғалысы құрылтайын өткізіп, кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер ретінде Әміржан Қосановты ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шешім қоғамдық ұйым мүшелерінің ортақ келісімімен қабылданды.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы 2005 жылы құрылған. 9 облыста бөлімшесі бар. Қоғамдық ұйым ұсынып отырған үміткер демократиялық даму үрдісін ұстанатын тұлға болуы керек. Ұлттық мүдде, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі оның бағдарламасының басым бағыты болу қажет деп санайды қоғамдық ұйым  мүшелері.

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

- Әміржан өзін жеке тұлға ретінде ұсынып отыр. «Ұлт тағдырының» мүшесі емес, сондықтан біз оған «мынадай-мынадай нәрсе айт» деп айта алмаймыз. Иә, біз белгілі түрде осыны ұсынған ұйым есебінде міндетті түрде ұлттық бағыттағы аманатты ұсынамыз.

Саясаттанушылардың пікірінше, «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынып отырған кандидат саясат мектебінен өткен, халыққа белгілі азамат. 

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Демократиялық ортада, ұлттық ортада көп жылдардан бері жүрген, ысылған, үлкен өмір және саясат мектебінен өткен тұлғаның бірі. Үлкен ұйымдарды басқарды, үлкен-үлкен қозғалыстарды басқарды, сондықтан өмірлік тәжірибесі, политехнологиялық тәжірибесі бар азамат.

Әміржан Қосанов 1964 жылы туған, негізгі мамандығы журналист, саясаттанушы. Алты жыл мемлекеттік қызметте болған, вице-министр қызметін атқарған. Үміткер президент сайлауына дайын екенін және ертең елордадағы Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсыратынын айтты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы