378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда көп балалы аналарға 2 пайыздық үстемемен пәтер беру мамырда басталады

  • 181
  • UPD: 23:28, 26.04.2019

Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Үкімет мүшелері бүгін қала әкімдігінде «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталарының жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға аймақ әкімдері онлайн қосылып, жергілікті жерлердегі халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған іс-шаралар жөнінде есеп берді. Алматы қаласы аймақтар арасында бірінші болып көпбалалы аналарға 2 пайыздық үстемемен баспана беруді іске асыра бастады. Алғашқы пәтер кілттері мамырда иелеріне тапсырылады. Қалада көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге қатысты атқарылып жатқан шараларға оң бағасын берген Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Алматының тәжірибесін басқа аймақтарда іске асыру керектігін атап айтты. Жұмыс тобы сондай-ақ көпбалалы аналармен кездесіп, олардың ұсыныстарына қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұдан кейін жұмыс беруші кәсіпкерлермен кездескен Үкімет мүшелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асқан жобалардың халық игілігіне қызмет етіп жатқанын атап өтті. Ендігі мәселе – жеке кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысын уақытында беріп, жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ең бірінші, еңбекақыны уақтылы беру керек. Қазір республика бойынша жұмысшылардың жалақысы үшін 1 миллиард теңгеден астам қарыз бар. Біз әр кәсіпорынмен жеке жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы келіспеушіліктер осы еңбекақының уақтылы төленбеуіне қатысты туындайды. Сондықтан осы мәселені назарда ұстаңыздар. Тағы бір мәселе, мемлекет бюджет қызметкерлерінің жалақысын үнемі көтеріп келеді. Азық-түлік пен коммуналдық төлемдердің қымбаттауына байланысты қызметкерлеріңіздің жалақысын көтеруді қарастырыңыздар.

Хабар 24 телеарнасы