378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысындағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады

  • 127
  • UPD: 15:11, 27.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндірісті өңір Павлодар облысына жұмыс сапары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Президент Павлодардағы электролиз зауытының жұмысымен танысып, облыс активімен кездескен болатын.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Семей, Өскемен, Павлодар... Мемлекет басшысының жұмыс кестесі де, күн тәртібі де тығыз. Бірақ соған қарамастан Президент бүгін аймақтағы іргелі кәсіпорындар мен бірнеше әлеуметтік нысанды аралап үлгерді. Әуежайдан түсісімен Қасым-Жомарт Тоқаев бірден «Қазақстан элекролиз зауытына» барғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Кәсіпорында Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен де кездесіп, өңір басшылығына 4 мәселені шешуді тапсырды. Олар – ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту, жастармен жұмысты күшейту және экономиканы әртараптандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – жастар саясаты мен xалықты еңбекпен қамту. Әрбір өңірдің бәсекеге қабілеттілігі осы процестерге жастардың көп тартылуымен байланысты болмақ. Облыс әкімдері Үкіметпен бірлесіп жастарды жан-жақты барынша қолдауға кірісуі тиіс. Еңбекпен қамту саласында да жұмыстарды жүйелеу қажет. Павлодар облысында жыл сайын 25 мың жұмыс күші жетпейді.

Сондай-ақ Президент Павлодар мұнай-химия зауытында да болды. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі ішкі нарықтың 60% сапалы бензинмен, керосинмен, дизельдік отынмен қамтып отыр. Өткен жылы өзінің 40 жылдығын атап өткен зауытта 1500-ден астам адам қызмет етеді. Сондай-ақ бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар қаласында орналасқан Жастар бастамаларын дамыту орталығында болып, аймақтың белсенді жастарымен кездесті. Жалпы облыста 163 мың жас бар.

Мемлекет басшысы аймақта бас сұққан тағы бір нысан – Назарбаев зияткерлік мектебі болды. Мектеп химия мен биологияны тереңдетіп оқытады. Оқушылар Президентке робот көрмесін таныстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысына жасаған сапары осымен аяқталды.

Хабар 24 телеарнасы