378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

  • 299
  • UPD: 15:46, 28.04.2019

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екіжақты басқосу Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде өтті. Елбасы стратегиялық серіктес елдің басшысын қонақжайлылық танытып, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жасаған әрбір сапарында Си Цзиньпиннің құрметті қонағы болады. Бұл – олардың соңғы 6 жылдан бергі 20-кездесуі. Мемлекеттер арасындағы серіктестік деңгейі жоғары. Стратегиялық бағытта көзқарас бір, мәміле ортақ. Тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Қытайды кім басқарса, қай-қайсымен де өзіндік байланыс орнатып, қарым-қатынасты селкеусіз сенімге негіздеп келеді. Оның айқын дәлелі – сан түрлі саладағы ынтымақтастық. «Қазір арада шешілмеген мәселе жоқ», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Со времени обретения независимости Казахстаном я работал для того, чтобы достичь такого высокого уровня взаимопонимания и сотрудничества с Вашей страной. За эти годы были решены все актуальные вопросы между нами. Мы обозначили границу, повысили уровень доверительного диалога.

Екіжақты кездесуден кейін көшбасшылар делегация өкілдерімен Халық жиналысы үйінің рәсім залына беттеді. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Елбасына екі ел қарым-қатынасын дамытуға, оны жаңа деңгейге көтеруге қосқан үлесі үшін Достық орденімен марапаттады. Бұл – Қытайдың сырт елдер басшыларына ұсынатын мемлекеттік ең жоғарғы наградасы. Си Цзиньпин оны табыс етер алдында Тұңғыш Президенттің әлемдік саясатта беделді тұлға екенін айтып, қос елдің кең ауқымды стратегиялық серіктестігінің негізін қалаған тұлға деді. Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытайдың әр кезеңдердегі басшылары арқылы өзара байланыс жоғары деңгейде дамып келе жатқанын алға тартты.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемде зор беделге ие. Ол біздің елдер арасындағы стратегиялық байланыстың негізін қалаушы әрі оны қашан да алға жылжытып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшылары арқылы Қазақстан мен Қытай әріптестігі жоғары деңгейге көтерілді. Оның нәтижесі ауқымды. Біз бәрінен бұрын шекара мәселесін шешіп алдық. Жалпы ұзындығы 1780 шақырымды алып жатқан шекарамыздың бойынан тек достық лебі еседі.

Хабар 24 телеарнасы