389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Си Цзиньпин: Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі саясаткер

  • 737
  • UPD: 21:55, 28.04.2019

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының ең жоғары дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны Елбасына Си Цзиньпиннің өзі салтанатты түрде табыс етті. Көрші елдің мұндай дәрежедегі марапаты енді әлемде тек екі саясаткерде бар.

Бүгін Тұңғыш Президентті Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде Қытай төрағасы құшақ жая қарсы алды. Көшбасшылар кейін екіжақты кездесу өткізіп, әріптестік көкжиегін кеңейте түсетін мәлімдемелер жасады.

Алтын әрі аспан түстес, негізгі элементінде бейбітшілік құсы мен жер шары белгіленген бұл нышан – Қытайдың достық ордені. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин осы марапатын ұсынып, құрмет көрсетті. Оның өзіндік жөні бар. Өйткені Қазақстан мен Қытай әріптестігінің дамуы мен арадағы тауар айналымның артуына және қос халықтың тату көршіге айналуына Елбасы қосқан үлес қомақты.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

– Бүгін біз Қытай халқының үлкен досы, бұрыннан келе жатқан ниеттесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Достық» орденін беру үшін жиналып отырмыз. Өйткені ол бүкіл әлемде зор беделге ие. Біздің елдер арасындағы стратегиялық байланыстың негізін қалаушы әрі оның қозғаушы күші. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшылары арқылы әріптестігіміз жоғары деңгейге көтерілді. Мәселен, біз бәрінен бұрын шекара мәселелерін шешіп алдық. Жалпы ұзындығы 1780 шақырымды алып жатқан шекара сызығының бойынан тек достық лебі еседі.

«Достық» – Қытай билігінің шетел азаматтарына беретін мемлекеттік деңдейдегі ең жоғарғы ордені. Шығыс көршіміз оны кез келгеннің кеудесіне тағып, уысына ұстата бермейді. Мұндай марапат Қытаймен жоғары деңгейде байланыс орната білген Ресей президентінде, енді міне Елбасында ғана бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– «Достық» наградасымен марапатталу – мен үшін үлкен мәртебе. Сіздерге осы ерекше ілтипат белгісі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бұл награданы Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға берілген жоғары баға деп есептеймін. Солай қабылдаймын. Мен 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылған алғашқы күндерден бастап Тәуелсіз Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін жұмыс жүргізіп келе жатқанымды айта кеткім келеді. Біздің қатынастарымыз – өзге елдерге үлгі.

Си Цзиньпин бұл марапатты табыс етер алдында Тұңғыш Президенттің әлемдік саясаттағы рөліне тоқталды. Ол қос ел арасындағы байланысқа ғана емес, тұтас Орталық Азия мен Қытай әріптестігіне кең жол ашқанын айтты. Сондықтан «Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі саясаткер» деді көрші ел басшысы. Елбасы тәуелсіздік жылдары Қытайдың барлық төрағасымен өзара байланысты сақтап, әр жылдары жаңа деңгейге көтере білді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

– Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалады. Сондай-ақ ол Азиядағы сенім шаралары және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің құрылуына бастамашы болды. Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы мен ұсынған Жібек жолы саясатын қолдады. Содан бері Қазақстан мен Қытай көптеген жобаны қолға алды. Өсіп-өркендеу жолында байланысымыз беки берсін.

«Қытаймен әріптестік қашанда маңызды. Тек оны стратегиялық сипатта дұрыс бағытта дамыта білу қажет», – деді Елбасы. Өйткені шығыстағы көршіміз – әлемдегі екінші экономика.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Қытай жағынан біздің елге инвестиция 19 млрд АҚШ долларын, сауда-саттығымыз 12 млрд-ты құрайды. «Бір белдеу, бір жолдың» арқасында неше түрлі жолдар салынды. Әуежайлар салынды. Қазақстан арқылы Қытайға мұнай құбыры, автокөлік жолы, авиация орнатылды. Мұның бәрі жоқ болатын. Біз сезбен бірге істедік. Әрине, сіздердің тараптан қолдау болмаса, мұндай болмас еді. Біз арқылы көршілеріміз де осындай қарым-қатынасқа ие болды.

Елбасы стратегиялық серіктес елдің басшысын қонақжайлық танытып, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Бұл – соңғы 6 жылда қос ел көшбасшысының жиырмасыншы кездесуі. Мемлекеттер арасындағы серіктестік жоғары деңгейде. Стратегиялық бағытта көзқарас бір, мәміле ортақ. Бұл жолы да келіссөз табысты болды.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

– Форум барысында сіз ұсынған бастамаларды біз жан-жақты зерделейтін боламыз. Осы жолы Қытайға жиырма бесінші рет келіп отырсыз. Соның арқасында, Қытай мен Қазақстан әріптестігі бірегей кейіпке енді.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі арқылы екі ел үкіметі бірқатар салада ынтымақтастығын арттырды. Елбасы сапары аясында кедендік салада маңызды құжаттарға қол қойылды. Фитосанитарлық және карантиндік талаптар бойынша таза өнім өндіретін қазақстандық кәсіпорындар Қытайға еркін тауар тасымалдауға мүмкіндік алды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Осымен Тұңғыш Президенттің Қытайға жасаған сапары қорытындыланды. Миллиардтар елі қазақ көшбасшысы мен делегациясына деген сый-құрметін аяған жоқ. Қазақстан Үкіметі де өзіне қажетін ойлап, тиімді келісімдерін ала қайтты. Бастысы, біздің ел кәсіпкерлері мұнда еркін тауар тасымалдауға мүмкіндік алды. Стратегиялық әрі тату-көршілік сипаттағы серіктестіктің тиімді жағы осы.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Айдос Серікболұлы

Хабар 24 телеарнасы