378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Алматы – елдігіміздің іргесі қаланған қастерлі қала

  • 181
  • UPD: 20:10, 01.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Думанды шара Абай алаңында өтті.

Азаттықтың ақ таңы атқан мекеннен ақжарма тілектер ағылған күн болды бүгін. Бейбіт елдің бүлдіршіндері сахнада ән салып, мың бұрыла биледі. Елге есімі таныс өнерпаздар да Абай алаңына жиналған мұқым жұртты қуанышқа бөледі. Қарақұрым қарашаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, еңсесі биік елдің кеңпейілділігін сөз етті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлт пен ұлыстың ынтымағын дәріптейтін бұл мерекенің қадір-қасиетін жақсы білеміз. Екі күн бұрын ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз ел ішіндегі мызғымас татулықтың маңыздылығын атап өтті. Тарихтың сан-қилы сын сағаттарында қазақ жерін паналап келген ұлт өкілдері бір үйдің баласындай туыс, бауыр болды. Заманның тауқыметіне қарамастан біздің халқымыз солардың бәрін бауырына тартып, барымен бөлісті.

Ұшса, құс қанаты талатын, жортса, құлан тұяғы тозатын алып атырапты алып жатқан біздің ел осы күні озық елдермен иін тірестіретін жағдайға жеткен. Мемлекет басшысы татулық пен тұрақтылықты ту ету арқылы осындай мамыражай күнге куә болып отырмыз деді. Қасым-Жомарт Тоқаев қатпарлы қарт тарихтан алып шаһар Алматының алар орны өзгеше екеніне тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Табиғаты таңғажайып ару Алматы – бірегей, баламасы жоқ шаһар. Оның жылнамасы бүкіл отанымыздың жарқын айнасы. Алматы – азаттығымыздың бесігі болған, елдігіміздің іргесі қаланған қастерлі қала. Жас мемлекетіміздің жетістіктерін дүние жүзіне алғаш танытқан да осы Алматы. Алатау баурайындағы қала бүгінгі қазақ зиялыларының құтты мекені болып отыр. Алматы – ғылымның ордасы, өнердің бесігі. Шығармашылықтың шаңырағы.

Қазір Алматыда 100-ден аса этнос өкілі тұрады. Олар өз тілдерінде кітаптарды жарыққа шығарып, көпшілікке насихаттау мүмкіндігіне ие болып отыр. Қалада 3 бірдей ұлттық театр бар. Жыл басынан бері өзге ұлттың өнерлі ұжымдарының қатысуымен 30-ға жуық мерекелік шара ұйымдастырылған. 

Іргедегі Қытай жұрты кез келген думанды дүрмекті тап осылай алаулатып, жалаулатып өткізеді. Қазір Алматыда 30-дан аса этномәдени бірлестік бар. Олар өздерінің әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін көпшілікке дәріптеп, бейбіт күн кешуде. Тілі мен түрі, діні мен ділі бөлек болғанымен, мүдде ортақ. Ол – татулығы жарасқан қазақ елін ұшпаққа шығару.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасырға жуықтады. Аталған ұйым қаланың дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Олар қайырымдылық шараларына, ұлттар достастығын нығайтуға бағытталған жиындарға жиі қатысып, тың ойларын ортаға салады.    

Абдулла Исматуллаев, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Әрқашан достығымыз нығая берсін. Өзбек халқы ретінде біз қуанып жатырмыз. Қазір Өзбекстан мемлекетімен де қарым-қатынасымыз нығаюда. Әрқашан еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын.

Абай алаңында өткен мерекелік шарада қаладағы этномәдени бірлестік өкілдері ұлттық киімдерін, музыкалық аспаптары мен тұрмыста қолданатын түрлі бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Жиылған жұрт ыдырамас татулықтың шатқаяқтап қалмауына тілеулестік білдірді.     

Бүгінгідей бейбіт елдің іргесін бірге қалап, кемел келешекке бірге қадам жасап жатқан Қазақстанның өзге мемлекеттерге үлгі болатын құндылығы – татулық.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы