378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританиялық сарапшылар: Астана процесі – келелі келіссөздер алаңы

  • 152
  • UPD: 15:22, 04.05.2019

Лондонда Сирияның қазіргі ахуалы талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Демократия проблемаларын зерттеу коммерциялық емес қорының өкілдері сол елдегі халықтың бүгінгі жай-күйі мен лаңкестер бақылауда ұстап отырған аумақ адамдарының өмірі туралы баяндап берді. Әңгіме өзегіне айналған тақырыптардың тағы бірі – Астана процесі.

Жарты миллионға жуық кісі өлімі және бес миллион босқын. Олардың қатары күн санап артып келеді. Соғысқа ондаған тарап тартылған. Бейбітшілік туралы келісімге келу мүлдем оңай болмай тұр. Демократия проблемаларын зерттеу коммерциялық емес қорының өкілдері Сирияның бүгінгі жағдайы туралы ақпарат беретін баяндама ұсынды.

Максим Григорьев, демократия проблемаларын зерттеу коммерциялық емес қорының директоры:

- Баяндама сауалнамамызға қатысқан Сириядағы 100-ден астам куәгердің пікірлеріне негізделген. Қатысушылардың 40-тан астамы «Ақ дулыға» ұйымының бұрынғы мүшелері. Бүгінде бейбіт тұрғындар мекендеген және «Ақ дулығалықтар» жұмыс істеген аумақты лаңкестер басып алған.

Сарапшылардың айтуынша, Астана процесі жалпы алғанда мыңдаған адамды өлім аузынан алып қалуға себепші болды. «Қазақстан бейтарап және конструктивті алаң ретінде өте маңызды рөл атқарып отыр», – дейді олар.

Питер Форд, Ұлыбританияның Сириядағы бұрынғы елшісі /2003-2006 ж.ж./:

- Сирияның болашағы Ресей, Иран және Түркия арасында Қазақстанның қолдауы арқылы талқылана алатын баламалы форумның болғаны өте жақсы. Меніңше, қазақ елінің Сирия бойынша Женева келіссөздеріне балама ретінде қосар үлесі зор деп ойлаймын.

Айта кетейік, Астанадағы келіссөздердің соңғы раундында Ресей, Иран және Түркия ортақ мәлімдеме жасады. Тараптар Сирия Араб Республикасының тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптеріне қарсы келмейтіндіктерін жеткізген болатын. Келесі отырыс осы жылдың шілде айында өтпек.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы