379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БАҚ-та сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемдері бекітілді - ҚР ОСК

  • 203
  • UPD: 12:16, 08.05.2019
БАҚ-та сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемдері бекітілді - ҚР ОСК ҚР ОСК

ОСК хатшысы Сабила Мұстафина кандидатқа БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін  теледидарда - он бес минут; радиода - он минут; мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа парағынан екі мақала жариялау үшін қаражат бөлу қарастырылғанын хабарлады.

Сондай-ақ республикалық бюджеттен кандидаттардың: сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізуге; үгіт материалдарын шығаруға; Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде көлік шығыстарына арналған шығыстары өтеледі.

Орталық сайлау комиссиясының «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында республикалық бюджет қаражатынан өтелетін Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы» қаулысы қабылданды.

Қаулыда Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат шығыстарының мөлшері 7 331 200 (жеті миллион үш жүз отыз бір мың екі жүз) теңге көлемінде белгіленді.

Сондай-ақ кандидаттардың сайлау қорлары туралы айтылды.

Президенттікке кандидаттың сайлау қоры:

1) кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік кандидатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он екі мың есе мөлшерінен аспайды, бұл 510 000 000 (бес жүз он миллион) теңгені құрайды.;

2) республиканың азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтарының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен он бес мың еседен аспайды, бұл 637 500 000 (алты жүз отыз жеті миллион бес жүз мың) теңгені құрайды.

Белгіленген мөлшерден тыс артық түскен ақша қаражаты сайлау қорларына есептелуге жатпайды және оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Анонимді қайырмалдықтар республикалық бюджет кірісіне аударылады. Сайлау қорларына тек заңды жолмен алынған қаражат ғана жіберілуі мүмкін. Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға ғана тиесілі.

Кандидат өз кандидатурасын алған немесе кандидатты тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте көрсетілген қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен өтеледі.

Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей кандидат Орталық сайлау комиссиясына сайлау қорына ақша түсімдерінің көздері және барлық жұмсалған шығындар көрсетілетін өз сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есеп беруі қажет. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін он күн ішінде БАҚ-та сайлау қорына келіп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты жариялайды. Бұл ретте Халықтық Жинақ Банкі Ортсайлаукомға арнайы шотқа қаражаттың келіп түскені туралы және олардың жұмсалғаны туралы апта сайынғы есепті ұсынады.

Арнайы шотқа қаражаттың түсуі және олардың жұмсалуы туралы есепті Орталық сайлау комиссиясы БАҚ-та айына екі рет жариялайды. Арнайы шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар сайлау күнінің алдындағы күні 18.00 сағатта тоқтатылады.

Кандидаттың сайлау заңдарының айтылған нормаларын және арнайы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларын бұзуы кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады, деп хабарлады ҚР ОСК.

Ескерте кетейік, елімізде 9 маусымда өтетін президенттік сайлау туралы барлық жаңалық пен сарапшылар пікірлерін  сайтымыздан #президенттік сайлау 2019 хештегі арқылы таба аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы