378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау 2019: Елімізде сайлауалды үгіт қалай өтеді?

  • 431
  • UPD: 15:16, 08.05.2019
Сайлау 2019: Елімізде сайлауалды үгіт қалай өтеді? ҚР ОСК

Сайлау алдындағы үгіт туралы ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады.

Сайлау заңнамасына сәйкес сайлау алдындағы үгіт - бұл сайлаушыларды сол немесе өзге кандидатты жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге қатысуға түрткі болуға бағытталған қызмет. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге сол немесе өзге кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оларға қарсы сайлау алдындағы кедергісіз үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.

Үгіт үш негізгі тәсілмен:

1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;

2) сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы;

3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылады.

Бірінші - БАҚ арқылы үгіт.

Республиканың сайлау заңнамасы бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау алдындағы үгіттің дербес субъектілеріне жатқызбайды. Бұл, партиялық бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа, БАҚ-тың белгілі бір кандидатты өзінің қолдауы туралы мәлімдеуге, сол сияқты оған қарсы немесе жақтап үгіттеуге құқығы жоқ дегенді білдіреді.

Мемлекет сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең шарттарына кепілдік береді.

Ол үшін «Сайлау туралы» КЗ-нің 28-бабының 3-тармағына және ҚР ОСК-ның қаулысымен бекітілген Күнтізбелік жоспардың 7-тармағына сәйкес эфир мен баспасөз алаңын беру мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер тиісті бұқаралық ақпарат құралымен 2019 жылғы 5 мамырда сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей хабарландырылуы және жариялануы тиіс, сондай-ақ ОСК-ға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынылуы тиіс.

Қазіргі уақытта ОСК-ға БАҚ-тан 139 ақпараттық хабар келіп түсті, барлық хабарлар ОСК сайтында орналастырылған.

Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспа алаңын беру туралы шарттың талаптары қандай да бір кандидатқа, саяси партияға басымдық туғызбауға тиіс.

Кандидаттардың біріне берілген эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру өзге де кандидаттарға эфир уақытын, баспа алаңын бөлуге келісім беру болып табылады.

Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуінің кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу тәртібімен немесе өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда  жеребе бойынша белгіленеді.

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті бар мерзімді баспасөз басылымдарының, теле- және радиохабарлардың барлық жарияланымдары қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

Кандидаттардың теледидар мен радиодағы сөздерін сөз сөйлегеннен кейін, сондай-ақ сол нөмірдегі баспа басылымдарындағы сөздерін үзуге және оларға түсінік беруге тыйым салынады.

Президенттікке кандидаттар бұқаралық ақпарат құралдарына үгіт материалдарын ұсынған кезде олардың Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс.

Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы мұндай мүмкіндікті пысықтауда.

Үгіттің екінші тәсілі - сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы.

Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін шарттық негізде үй-жайлар береді. Үй-жай беру шарттары барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуы тиіс.

Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп кандидаттардың бөлінген үй-жайда сайлаушылармен кездесу кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған баспа, соның ішінде иллюстрациялық материалдарды, сондай-ақ белгілерді, туларды, жалауларды тегін таратуға жол берілетінін есте сақтау маңызды. Қалғандары-сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікті жағдайларда тауарлар, қызмет көрсетулер, бағалы қағаздар беру, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акциялар өткізу, ақша төлеу не оларды беруге уәде беру-өткізуге тыйым салынатын сайлау алдындағы тиісті емес үгіт деп танылады.

Сайлау жарияланған сәттен бастап кандидаттарға, саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдауға кез келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады.

Үгіттеудің үшінші тәсілі - баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы.

Плакаттар, үндеухаттар және өзге де үгіттік баспа материалдарын басып шығару үшін кандидаттарға тең ақша сомасы бөлінеді.

Барлық үгіт баспа материалдарында мынадай мәліметтер болуы тиіс:

* осы материалдарды шығарған ұйым туралы,

* олардың басылған орны,

* тираж,

* тапсырыс берген тұлғалар,

  • сондай-ақ қандай қаражаттан төленді.

Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде үгіттік баспа материалдарын дайындауға, жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.

Жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған орындарды белгілейді және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгіттік баспа материалдары барлық кандидаттар үшін тең құқықты қамтамасыз ететін жағдайларда орналастырылады.

Кандидаттар үгіттік баспа материалдарын тиісті объектінің меншік иесінің рұқсатымен өзге жерлерде ілуге құқылы.

Үгіт материалдарын тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ескерткіштерге, обелискілерге, ғимараттар мен құрылыстарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға ілуге тыйым салынады.

Сайлау алдындағы үгітті жүргізуге байланысты кандидатқа, саяси партияға қызмет көрсететін барлық жеке және заңды тұлғалардың олардан қызмет қабылдауға жазбаша келісімі болуы тиіс екенін ерекше атап өткім келеді. Жазбаша келісімі жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

2018 жылы «Сайлау туралы» КЗ-да БАҚ арқылы сайлау алдындағы үгіт мәселелері бойынша айтарлықтай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. ОСК осы мәселелер бойынша КЗ-ның жаңа нормаларын іске асыру мақсатында 2018 жылғы 25 тамызда 4 қаулыны  қабылдады.

Бірінші. Бұқаралық үгіт құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру қағидалары және ҚР Президентінің, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз ету қағидалары (№12/203 қаулы 2018 жылғы 4 қазанда Әділетминінде  №17484 болып тіркелді).

Осы Қағидалармен БАҚ арқылы сайлау алдындағы үгіт тәртібі айқындалған, кандидаттардың, мемлекет қаржыландыратын сайлау алдындағы бағдарламалары бар партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың, сондай-ақ шарттық негізде сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспа алаңын берудің тәртібі мен шарттары көрсетілген.

Екінші. Сайлау алдындағы дебаттарды өткізу қағидалары мен шарттары (№12/198 қаулы 2018 жылғы 26 қыркүйекте Әділетминінде №17434 болып тіркелді).

Осы Қағидалар дебаттар өткізілетін телеарналарды анықтау мерзімдерін,  дебатқа қатысушылар мен дебаттар кезінде қатысып отырған тұлғалардың тізімін бекітуді, дебатта сөз сөйлеу кезектілігін, дебатты жүргізуші мен дебатқа қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін, дебаттарды өткізу тілін және дебаттар жазбаларын сақтау мерзімдерін реттейді.

Сайлау алдындағы дебаттарды өткізудің тәртібі мен шарттары тең болуға және қандай да бір кандидатқа немесе саяси партияға басымдық жасамауға тиіс.

Үшінші. Бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемі(№12/202 қаулы 2018 жылғы 25 қыркүйекте Әділетминінде  №17426 болып  тіркелді).

Мемлекет Қағидалар шеңберінде өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін ақша қаражатын тең бөлуге кепілдік береді.  Әрбір кандидатқа теледидардан 15 минуттық сөз сөйлеуге, радиодан 10 минуттық сөз сөйлеуге және баспа басылымдарында екі мақала жариялауға қаражат бөледі.   

Кандидаттар өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа және/немесе желілік басылымдардағы, теле- радио арналардағы Жарияланымдар көлемін дербес қайта бөледі.

Төртінші.  Республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен сайлау комиссияларының хабарламаларын мерзімді баспасөз басылымдарымен орналастыру қағидалары мен көлемі (№12/201 қаулы 2018 жылғы 2 қазанда Әділетминінінде  № 17463 болып тіркелді).

Осы Қағидалар сайлау комиссияларының хабарламаларын мерзімді баспасөз басылымдарымен орналастыру тәртібі мен көлемін реттейді.

Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу.

«Сайлау туралы» КЗ нормаларының талаптарына сәйкес қоғамдық пікірге сұрау салуды ҚР заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сұрау салу жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар, тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, ол туралы ОСК жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып, жүргізуге құқылы. ОСК-ға жіберілетін хабарламада сұрау жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сұрау жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

Қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларды қолдауға дауыс беру нәтижелерін дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға тыйым салу енді Интернет желісіне де қолданылады.

Сауалнамалар жүргізетін тұлғалар нәтижелерді жариялауға тыйым салынған кезеңде интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілерді және мессенджерлерді пайдаланбауы тиіс.  Бұл норма қоғамдық пікірмен, атап айтқанда, Интернет желісінде фэйк хабарламаларын құру және тарату жолымен манипуляциялауға жол бермеу үшін көзделген.

Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу және оның нәтижелерін жариялау шарттарын бұзу адамды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болып табылады (ӘҚБтК-нің 120-бабы).

Интернет желісіндегі үгіт.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес интернет-ресурстар бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады, яғни оларға сайлау туралы заңның барлық ережелері қолданылады, демек, интернет-ресурстарда үгіт материалдарын орналастыру мониторингі баспа басылымдарына ұқсас жүзеге асырылатын болады.

Ескерте кетейік, елімізде 9 маусымда өтетін президенттік сайлау туралы барлық жаңалық пен сарапшылар пікірлерін  сайтымыздан #президенттік сайлау 2019 хештегі арқылы таба аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы