379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт Атамқұлов польшалық әріптесімен келіссөз жүргізді

  • 150
  • UPD: 10:40, 09.05.2019

Еліміздің сыртқы істер министрі польшалық әріптесімен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейбіт Атамқұлов Варшаваға жасаған жұмыс сапары барысында Яцек Чапутовичпен екі елдің арасында байланысты талқылап, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.

Қазақстан мен Польша – стратегиялық әріптес. Соңғы жылдары екі ел қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 2 миллиард 200 мың еуро болған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 80 процентке артық. Тараптар көрсеткіштерді еселеуге мүдделі. Бұл туралы Қазақстан мен Польшаның сыртқы саясат ведомство басшылары Бейбіт Атамқұлов пен Яцек Чапутович арнайы баспасөз-маслихатында мәлімдеді. «Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жыл өткен сайын арта түсуі өзара сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуға зор мүмкіндік беріп отыр»,- деді министрлер. Ал ауылшаруашылық, көлік құрылысы, туризм, сондай-ақ транспорт және логистикалық сектор келешекте едәуір табыс әкелетін бағыттар деп танылды. 

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

– Біздің қарым-қатынасты дамытудағы Қазақстан тарапынан жасалған елеулі үлестер Польша азаматтары үшін визалық режимді жоюға әкелді. Сондай-ақ 2017 жылдың мамыр айынан бері қос мемлекеттің астанасы арасында тікелей әуе қатынасын орнатуға септігін тигізді. Мен Қазақстан мен Польша арасындағы қарым-қатынастың ашық әрі айқын екенін жеткізгім келеді. Біз Варшаваны тек Орталық және Шығыс Еуропадағы ғана емес, сондай-ақ Еуропалық одақ кеңістігіндегі басты серіктес ретінде танимыз. Әріптестіктің қуаты ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Анджей Дуданың 2016-2017 жылдардағы мемлекеттік сапарларында жеміс берді.

Яцек Чапутович, Польша сыртқы істер министрі:

– Біз екі ел қарым-қатынасын дамытуға мүдделіміз. Министрлермен кездесу барысында біз көптеген маңызды тақырыптарды талқыладық. Солардың бірі транспорттық-логистикалық секторды дамытудың потенциалы болды. Жібек жолы Қазақстан мен Польша арқылы өтеді. Бұл бағытты дамыту үшін бізге жол, теміржол байланыстарын біріктіру қажет. Біз әрі Азиядан келетін тауарлар үшін біздің Гданьсктегі портты пайдаланудың мүмкіндіктері туралы сөз қозғадық.

СІМ Варшаваға жұмыс сапары барысында ЕҚЫҰ-ның демократиялық институт және адам құқы жөніндері Бюроның директорымен де кездесті. Тараптар еліміздегі президенттік сайлау науқанын талқылады. Ингибьерг Сольрун Гисладоттир бюроның халықаралық миссия өкілдері Қазақстанға келгенін, әрі өз міндеттерін орындауға кірісіп кеткенін жеткізді.

Ингибьёрг Сольрун Гисладоттир, ЕҚЫҰ институтының директоры:

– Біздің Қазақстанмен әріптестік байланысымыз өте жақсы деңгейде. Біздің ұжым жуырда ғана Қазақстанға барды. Делегация басшысы өте тәжірибелі саясаткер және Польшаның дипломаты. Біз сарапшыларды мұқият таңдадық. Біздің басты міндетіміз – сайлау барысын мұқият қадағалау. Әрі соңында тәуелсіз бағасын беру. Мұндай тәсілді біз барлық мемлекеттерде пайдаланамыз. Мен Қазақстанда екі мәрте болдым. Ендігі сапарым президент сайлауы кезінде орнайды деп ойлаймын.

Қазақстан Польша үшін Орталық Азиядағы маңызды мемлекет, кәсіпте – басты серіктес. Соңғы мәліметтер бойынша, жергілікті 200 компания Қазақстанды таңдаған. Олар елімізде жаңа жұмыс орындарын ашып, Еуропаның таңдаулы технологиясы негізінде сәтті жұмыстар жүргізуде.

Хабар 24 телеарнасы