378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы елшісін қабылдады

  • 90
  • UPD: 20:49, 13.05.2019

Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұңғыш Президент дипломатты Қазақстандағы миссиясының басталуымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі. Басқосуда Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастың қазіргі ахуалы талқыланды. Кейін әңгіме бұл мемлекеттен тартылған инвестиция мен елімізде жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындар жайлы өрбіді. Өз кезегінде Уильям Мозер Қазақстанға алғаш келгендегі әсерімен бөлісті. АҚШ елшісі елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы қысқа мерзімде әлемге танылып үлгергенін тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Осы жылдар ішінде біз АҚШ-пен өзара түсіністікке және достыққа негізделген қатынастар орнаттық. Қазақстанға АҚШ-тан қомақты инвестиция келді. 420 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Менің Вашингтонға жасаған былтырғы сапарым аясында Президент Дональд Трамппен және бизнесмендермен болған кездесуім ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға жағдай жасады.

Бұдан әрі АҚШ елшісі Нұрсұлтан Назарбаевқа Дональд Трамптың хатын табыстады. Онда АҚШ Президенті Елбасының өз өкілеттігін тоқтату және мемлекет басқару ісін саясаткерлердің жаңа буынына беру туралы шешіміне қолдау білдірген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Мен Президент Трамптың хатын алдым. Ол біздің өңірдегі ахуал туралы алдағы уақытта да менімен кездесіп, ақылдасып отыруға ниетті екенін жеткізді. Дональд Трамппен жақсы қарым-қатынас орнады. Мен осындай байланыста болуға дайынмын. Біз үшін АҚШ маңызды серіктес саналады. Осы жылдар ішінде арамызда тек достық қатынастар болды. Ынтымақтастығымыз жалғаса береді деп сенемін.

Хабар 24 телеарнасы