379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий теңізі мәселелері бойынша жұмыс тобының келесі мәжілісі Иранда өтеді

  • 123
  • UPD: 10:24, 15.05.2019

Иран саясаткерлері Қазақстан парламентінің Каспий теңізінде оқыс оқиғалар болдырмау конвенциясын ратификациялауын құптап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми Тегеранның пікірінше, бұл аймақта тұрақтылықты қамтамасыз ететін құжат. Иран осы келісімді жылдың аяғына дейін ратификациялауды көздейді.

Каспий теңізінде оқыс оқиғаларды болдырмау келісіміне 2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында қол қойылған еді. Бұл құжаттың басты мақсаты – Каспий маңындағы 5 мемлекеттің әскери кемелері мен ұшақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде осы келісімді Қазақстан, Түрікменстан және Әзербайжан ратификациялаған. Ресей және Иран жылдың аяғына дейін құжатты рәсімдеуді көздеп отыр. Жалпы Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау жұмысы 1996 жылдан бері жүрген. Конвенция жобасын 2017 жылы Каспий маңы елдері сыртқы істер министрлерінің кеңесуі барысында бекіткен. Бұл келісім 5 елдің теңізшілері мен ұшқыштары арасында достық қатынатысты нығайтып, Каспий теңізінде кемелердің соқтығысуын болдырмауға арналған халықаралық ережелердің енгізілуін тездетті.

Шервин Тахери, Еуразия мәселелері бойынша сарапшы:

– Жоба аясында мемлекеттер транзит, теміржол қатынасы, қоршаған ортаны қорғау және аймақтық қауіпсіздік салаларында ынтымақтастық орнатқан. 1921 мен 1940-жылдары Иран мен Кеңес Одағы аймақты өзара бөлу, кемелер қозғалысы мен балық аулау жөнінде конвенцияға қол қойған болатын. Қазірде Иран межлисі ішкі мемлекеттік рәсімдеуді өткізіп, жаңа келісімді ратификациялауы керек. Бұл іс жақын арада өтеді деп ойлаймын.

Негізінен Каспийдегі бүкіл мәселе табиғи байлыққа тіреліп отыр. Оны игеру үшін заңды тұстарын ескеру қажет. Мұхитқа шықпайтын Каспий іс жүзінде әлемдегі ең ірі көл саналады, сол себептен оған халықаралық теңіз құқығы қолданылмайды. Осыған байланысты, кімнің қай жерде кәсіп жүргізе алатыны туралы дау бар.

Сейед Бехзад Ахлаги, халықаралық мәселелер бойынша сарапшы:

– Конвенцияның теңіз акваториясына қатысты баптарын толық күшіне енгізу үшін қысқа мерзімде Каспийдегі шекараларды белгілетін тәсілдемені әзірлеуін аяқтап, бесжақты келісімге қол қою қажет. Бұл аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сыртқы қатер деңгейін төмендетеді.

Иран үкіметі келісім ратификацияланғаннан кейін Қазақстанмен бірлесіп Каспийде жаңа жобаларды жүзеге асыруға үмітті. Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобының келесі мәжілісі шілде айында Иранда өтеді.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы