379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ливандағы бітімгерлік миссиясы қалай өтіп жатыр?

  • 103
  • UPD: 15:26, 16.05.2019

Осыдан жарты жыл бұрын Ливанға бітімгершілік миссиясымен аттанған әскеріміз жақсы нәтижесі көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сардарларымыздың қарым-қабілетін шетелдіктер жоғары бағалап отыр. Әскери міндетті қалай орындағандарын білу үшін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ливанға арнайы барды.

Бейрут әуежайы. Қарақұрым халық. Сымдай тартылған әскер. Мұндай ілтипат тегін емес. Ливанға еліміздің Қорғаныс министрлігінің өкілдері келді. Құрметті қарауыл қарсы алды.   

Нұрлан Ермекбаев аса маңызды сапармен келді мұнда. Мақсат – Ливанға бітімгершілік тұрғыда жіберілген әскерилерімізді көру. Жарты жылдан артық уақыт бойы офицер, сержанттарымыз БҰҰ миссиясына қатысып жүр, ерікті түрде. Тегін емес. Қызмет үшін ақы алады. Әскерилеріміз әзірге үнді батальонының құрамында. Қос ел арасындағы шекарада ара-тұра кикілжіңдер болып тұрады. БҰҰ миссиясына қатысушылардың міндеті Ливанның қарулы күштеріне дем береді. Жағдайды бақылауда ұстау үшін көмектеседі.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР қорғаныс министрі:

- Қазір бітімгершілік қызметтің тиімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Оның ішінде арнайы бөлімшелерге екпін береміз. Айталық, медициналық, инженерлік, әскери полиция, кинология сынды бағыттарға басымдық жасалады. 

Әскерилеріміздің тағы бір міндеті – достық көпір орнату. Жергілікті халыққа жәрдемдесу. Жігіттер үшін барлық жағдай жасалған. Ән, спорт, ойынға да уақыт табылады. Жат жерде әскери міндет атқарудың жауапкершілігі тіптен ауыр. Күн де ыстық. Дегенмен жігіттеріміз мойымайды. Қиындыққа әбден төселген. Жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Сухраб Аппазов, бітімгерлік ротасы командирінің орынбасары:  

- Күндіз ыстық. Түнде суық. Күн батқанда қалың киініп алып, миссияны орындауға аттанамыз. Барлығы жоспарға сай жүріп жатыр.

Өзге елде жүрген әскеріміздің әлеуетін білу үшін келген министр барлық бағыттар бойынша баяндаманы тыңдады. Далада 35 градус ыстық болса да, жігіттер тізе бүкпей қасқайып тұр. Нұрлан Ермекбаев қырағы көзбен бәрін бір шолып өтті. Уақыт тығыз. Тіпті шай ұрттауға уақыты жоқ.

Күннің ыстығын айтамыз. Ал БТР-дің іші ше? Тіпті қайнап тұр. Апшыны қуырады. Мұндайда ең тәжірибелі деген жүргізушінің өзі қателлік жіберуі мүмкін.   

Министрге баяндамалар ағылшын тілінде жасалды. Мұндағы бітімгершілік операциясына қатысып жүрген қазақстандық әр сарбаз шет тіліне жүйрік.

Министр әскерімізге оң бағасын берді. Кетер алдында бірнеше азаматты марапаттады. Өзгелеріне алғыс білдірді. Бұдан соң елдегі бітімгершілік миссиясын Ливанның қорғаныс ведомствосының басшысымен талқылады.

Элияс Бу Сааб, Ливанның ұлттық қорғаныс министрі:

- Кездесу кезінде террористік әрекеттерге қарсы тойтарыс беру жағдайын пысықтадық. Қауіпсіздік үшін әскери мәліметпен алмасу жағын да қарастырдық. Қазақстанда Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өте жоғары деңгейде өткендігін білеміз. Сондықтан біз елдеріңізге сенім білдіреміз. Бітімгершілік миссиясына қатысып жатқан қазақ еліне алғыс айтамын.

«ҮндіҚазбат» сапындағы біздің сарбаздардың қарым-қабілетін ливандықтар жоғары бағалайды. Тіпті үйренер тұстарын да жасырмады. Жарты жыл қызмет еткен алғашқы лек елге қайтты. Олардың орнына жаңа құрам келді. Әскеріміз енді Ливанның шығыс бөлігін бақылайды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Артем Петров, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы