379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Армения Президентімен кездесті

  • 160
  • UPD: 15:43, 16.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана экономикалық форумына қатысу үшін елімізге келген Армения Президенті Армен Саркисянмен кездесті.

Басқосуда достық қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланды. Екі ел Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына мүше. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бастауында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын айтты. Өз кезегінде Армения басшысы да Елбасы еңбегін ерекше атап өтіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзіңізге белгілі, елімізде армян ұлтының мыңдаған өкілі тұрады. Олар Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Ассамблея құрамында еңбек етіп, Парламентте де өкілдері жұмыс істейді. Осы тұрғыда өзара түсіністігіміз жоғары деңгейде. Сіздің Қазақстанға келуіңіз бізді қуантып отыр. Осы сапарыңызға дейін бірнеше рет сөйлескен едік. Достыққа және екіжақты тиімділікке негізделген қарым-қатынасымыз үздіксіз дами береді деген сенімдемін.

Армен Саркисян, Арменияның Президенті:

- Байланысымыз көп бағытта дамып келеді. Халықаралық ұйымдар мен қорғаныс саласындағы әріптестігіміз жан-жақты. Қазақстанда армян диаспорасының өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына қуаныштымын. Олар осы елдің дамуы жолында аянбай еңбек ете беруі тиіс деп ойлаймын. Алдағы уақытта мәдениет, жаңа технология. Ғылым және саясат саласындағы қарым-қатынасымыз дами түспек. Тағы бір мәрте Нұрсұлтан Назарбаевтың тұтас еуразиялық әріптестікке қосқан үлесін атап өткім келеді. Бұл идея бастауын Қазақстанның елордасынан алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда айналымын арттыру мәселесін де көтерді. Алдағы уақытта бұл елге экспортталатын қазақстандық тауарлар ұлғаюы мүмкін. Президенттердің келіссөзі арқылы осы іс қолға алынбақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы былтыр 30 процентке өскен болатын. Оны арттыра беруге мүмкіндік көп. Өңделген өнімдерімізді сіздерге экспорттауға қолайлы жағдай жасалды. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяның жарияланғанына 25 жыл. Елбасының бастамасы бүгінде жан-жақты жүзеге асқанын көріп отырмыз. Одақтың келешегі де кемел. Біз көзқарастарымызды бір ретке келтіріп, ортақ тұжырымға келу үшін жұмыс жасай береміз.

Хабар 24 телеарнасы