378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Нығматулин ҰҚКҰ парламенттік ассамблеясы кеңесінің көшпелі отырысына қатысты

  • 241
  • UPD: 23:39, 20.05.2019

Қорғаныс және қауіпсіздік саласында ұлттық заңнамаларды үйлестіру аса маңызды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл ретте оған мүше елдердің өзара парламентаралық байланысы бейбітшілікті сақтап, нығайтуға сеп. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы парламенттік ассамблеясы кеңесінің көшпелі отырысында осылай деп мәлімдеді.

Геостратегиялық, геосаяси маңызы зор аймақтағы тұрақтылық – күн тәртібіндегі басты тақырып.

Әлемнің талай елі жат пиғылды топтардың әрекетінен қақтығыстан қағажу көрген бүгінгі заманда қауіпсіздіктің орны бөлек. Бұл жолы ҰҚКҰ мүше 6 елдің парламент басшылары қырғыз елінің астанасы Бішкекте өткен көшпелі отырыста аймақты түрлі қатерден қорғау жолдарын бірлесе іздеді. 

Ұйымның парламенттік ассамблеясы кеңесінің көшпелі жиынына қазақстандық делегаттарды Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастап келді. Мәжіліс спикері өз сөзінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық, өңірлік қауіпсіздікке қатысты бірсыдырғы бастамаларына тоқталды. Әлемнің 70 елі қосылған Елбасының терроризмнен азат бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі әмбебап кодекс туралы идеясы көпке мәлім. 

Леонид Калашников, РФ Мемлекеттік думасы комитетінің төрағасы:

- Үлкен Еуразия континентінде жаһандық, аймақтық деңгейдегі жоғары деңгейдегі бастамалар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екенін барлығы біледі. Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ аясында интеграциялық серіктестік туралы идеясын ұсынғанына 25 жыл толды. Міне, қазір одақтас елдер соның жемісті нәтижесін көріп отыр.

Отырыста ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы жауапты аймаққа жапсарлас жатқан ауғандағы ахуал, Сербия мен Балқан өңірі айналасындағы саяси жағдай да талқыланды. Отырысқа қатысушылар дәп осы қауіпсіздікке келгенде әр бастаманың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен іске асқанын айрықша атап өтті. Бұл әсіре сөз емес, ақиқат деп ағынан жарылды.

Евгений Примаков, РФ Мемлекеттік думасының депутаты:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бітімгер, дана саясаткер. Ол өзінің көрегендігімен Ресей, өзге де алпауыт мемлекеттермен, Таяу Шығыс елдерімен үздік дипломатиялық байланыс орнатты. Сирия мәселесін шешуде Астана процесін ұсынғаны үздік нәтиже бергенін білеміз.

«Үлкен Еуразия: Сенім, Серіктестік». Ұжымдық қауіпсіздіктегі ынтымақтастықты  тереңдету мақсатында Мәжіліс төрағасы биыл күзде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Еуропа мен Азия елдері парламенттері басшыларының кеңесіне қатысуға шақырды. Әлемнің 60 елі, 16 халықаралық ұйым өкілдері қатысатын алқалы жиын Елбасының Еуразия интеграциясын құру идеясының 25 жылдығына орайластырылмақ.

Жиында Еуразия кеңістігіндегі көкейкесті көп мәселе қаузалды. Олардың ішінде діни әсірешілдер мен радикалдардың арам пиғылын тойтару ғана емес, ұйымға мүше «алтаудың ала болмай», бірлікте қоян-қолтық әрекет етуі де бар. Бұл ретте Қазақстан Парламенті жақында ғана одақтас елдердің әскери-техникалық ынтымақтастығы туралы хаттаманы ратификациялау жобасын мақұлдағаны мәлім.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Асқар Әбілдаев, Жомарт Елеуов, Айбол Жұмағұлов

Хабар 24 телеарнасы