380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


М.Алтынбаев: Ливандағы тәжірибе қазақстандық бітімгерлерді даярлау бағдарламасына енгізілуі тиіс

  • 199
  • UPD: 23:37, 20.05.2019

Ливандағы қазақстандық бітімгерлердің алғашқы тобы аман-есен елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Еліміздің сарбаздары Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына қатысып, Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін нығайтуға атсалысып қайтты. Олар Ливанға өткен жылдың қазан айының соңында аттанған еді.

Жетіген әуе базасында адам әдеттегіден көп. Оркестр мен сап түзеген сарбаздар әріптестерін қалай күтіп алуды пысықтап жүр. Ал түс ауа ақ жаулықты аналар мен әкесін сағынған балалар да жинала бастады.  

Күләш Нұрзабаева, облыс тұрғыны:

- Алты ай сол қызымның үйінде жаттым бала-шағасын қарап. «Аман-есен шықтық» деген соң бүгін мына жерге келдік. Қызым кішкентайымен шыға алмады.

Кешке қарай көк аспаннан әскери ұшақтар да көрінді. Ливаннан Жетігенге дейінгі аралық – 2300 шақырым. С-295 ұшақтары жолай Ақтау қаласына бір аялдап алып Жетісу жеріне жетті. 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап БҰҰ жарғысының мақсаты мен міндетіне толық қолдау көрсетіп келеді. Бұл жолы қазақстандық бітімгерлер «Индбат» үндістандық батальон құрамында «БҰҰ Ливандағы уақытша күштері» атты миссияға қатысты. Бітімгерлерді ет жақындарымен бірге министрдің орынбасары да күтіп алды. 

Мүсілім Алтынбаев, ҚР қорғаныс министрінің орынбасары:

- БҰҰ құрамында миссияны орындау мемлекеттік маңызды іс болып табылады. Бұл – еліміздің әлемдік қауымдастық пен ұйым алдындағы халықаралық міндеті.

Әскер темірдей тәртіптің ортасы. Ливаннан оралған сарбаздардың құрметіне жасалған ресми шара аяқталған соң ғана туған-туыспен қауышуға рұқсат берілді. Жақындар жүздесіп мауқым басқан соң бітімгерлерді біз де сөзге тарттық.  

Самат Мылтықбай, Қазақстан бітімгерлік ротасының мүшесі:

- Танымай тұр. Мен кеткенде анасының ішінде болған. Көңіл-күй өте тамаша. Жақсы бәрі.

Сәбит Атабаев, Қазақстан бітімгерлік ротасының аға сержанты:

- Осы ротаның фельдшері болып барып қайттым. Медицина жағынан. Елімізге келгенімізге өте қуаныштымын. Рота бастылары онда патурльде болды. Блокпостта болды. Шеткі мемлекеттің жанындағы көптеген адамдарға болысты. Біз оңтүстік өңіріндегі Моржуни деген қаласында болдық. Израильмен шекараласады.

Вице-министр Мүсілім Алтынбаев: «Ливанда жинақталған тәжірибе жан-жақты талданып, қазақстандық бітімгерлерді даярлау бағдарламасына енгізілуі тиіс», – деді. Бірінші рота жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Енді Ливандағы бітімгерлік миссияны орындауға екінші ротаның жауынгерлері кірісіп кетті.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы