379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Түркияның Сыртқы істер министрі М.Чавушоглумен кездесті

  • 211
  • UPD: 23:39, 24.05.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглуды қабылдады.

Кездесуде Тұңғыш Президент бауырлас елдер арасындағы әріптестікті сақтау және одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап Түркияның қолдауын сезініп келе жатқанын айтты. Қазір екі ел арасында визасыз режім енгізілген. Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесі аясында мемлекетаралық байланысты дамыту қажеттігін де сөз етті. Өз кезегінде Мевлют Чавушоглу Елбасының екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы ролін ерекше атап, Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын уақытта Түркияға келуге қатысты шақыру жолдағанын жеткізді.  Кездесу барысында тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді талқылады. Соңында Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Қош келдіңіз Қазақстанға. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Түркия бізді қолдады. Содан бері біздің қарым-қатынасымыз еш уақытта тоқтаған жоқ. Бірге келе жатырмыз. Туысқан елміз. Бір-бірімізге жақынбыз. Тарихи жақындықты жаңартып, жұмыс істеп келе жатырмыз. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас жыл сайын өсіп келеді. Визасыз режим жасадық екі араға. Сондықтан мұны жалғастыра береміз. Сондықтан алған бағытты әрі қарай жүргізе беруге дайынбыз.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Құрметті Тұңғыш Президент, Елбасы! Бізді қабылдағаныңыз үшін алғысымды айтамын. Сіздің бауырыңыз, біздің Президент сізге сәлемін жолдады. Режеп Тайып Эрдоған сізді жақын уақытта Түркияға шақырып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған азамат ретінде сіздің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың дамуына сіз зор үлесін қостыңыз. Бүгінде сіздің бастамаңызбен құрылған Түрік кеңесі  табысты жұмыс істеп жүр.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Шын көңілмен Түрік кеңесін құрып, ағайынды халық бірге болсын деген жұмыс істедім. Оны жалғастыра беру керек әрі қарай. Біз үшін, туысқан халықтар үшін, болашақта бір-бірімізді қолдау үшін, экономикалық интеграция үшін өте қажет. Сондықтан мен қолдап отырамын әр уақытта. Сондықтан сіздің жұмыстарыңыз көп қазір. Түркияның төңірегінде болып жатқан саяси ахуалды қарап отырмыз. Егемен Түркия өңірдегі ең негізгі мемлекет. Біздің арамыздағы ең қуатты мемлекет. Сондықтан сіздердің өсіп-өркендеп, экономиканы жақсартуға біз мүдделіміз.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды өркендету және екі жақты қарым-қатынастарды дамыту ісіне өлшеусіз еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Ол түрік әлемінің дамуына зор үлесін қосты. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Хабар 24 телеарнасы