Астанада бітімгерші әйелдердің БҰҰ миссияларына қатысу мәселелері талқыланды
Елордада БҰҰ-ның бітімгершілік бағдарламасының технологияларға арналған бесінші симпозиумы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған дейін Италия мен Австрия және Оңтүстік Корея мен Германияда өткен маңызды халықаралық іс-шараның біздің елде ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Қазақ елінің бітімгершілік бастамасы және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы саясаты БҰҰ-дан қолдау тауып отыр. «Сондықтан да аталған іс-шара жоғары деңгейдегі халықаралық консультацияларды өткізуге арналған алаң ретінде Нұр-Сұлтанның имиджіне сай келеді», – дейді мамандар. Симпозиумге БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары Атул Харе мен Жан-Пьер Лакруа және Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. «Бұл симпозиум БҰҰ-ның мүше мемлекеттері қандай инновациялық және технологиялық идеяларды енгізіп жатқанын білуге үлкен мүмкіндік туғызады», – дейді қорғаныс саласының мамандары. Жиын барысында ҚР әскери қызметшілерінің, оның ішінде бітімгерші әйелдердің БҰҰ миссияларына қатысу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Ақылды міндеттемелер» аясында бітімгершілік операцияларға қазақстандық Қарулы күштердің қатысуын әртараптандыру мәселесі де қаралды.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР қорғаныс министрі:
- Қазір көптеген елдер бар бітімгершілерді қажет ететін. Бірақ нақты қай елге жіберу – ол келіссөздің тақырыбы. Болашақта БҰҰ штабының өкілдерімен және штабтың басшыларымен бұл мәселені нақты талқылайтын боламыз. Негізі ол Азия және Африка континеттеріндегі елдер. Ал жалпы бағыт – ең алдымен медицина, саперлік, барлау және инженерлік және полиция. Сондай мамандықтар қажет болып жатыр. Сосын техника.