389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» телеарнасынан кандидаттардың дебаты тікелей эфирде көрсетілді

  • 566
  • UPD: 23:17, 29.05.2019

Бүгін Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлауалды теледебаты өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілген пікірталас Орталық сайлау комиссиясы бекіткен регламентке сәйкес 3 раудтан тұрды.

Дода. Бұл жолы жарыс емес. Сөз додасы. Президент болуға үміттілер мен кандидаттардың сенімді өкілдері үшін айрықша кезең бұл. Пікірталасқа түсетін 7 қатысушының бәрі «Қазмедиа» орталығына жиылды. Ерте келіп, бір-бірімен көрісті саяси сахнадағы қарсыластар.

Келді. Жөн сұрасты. Тізе бүгіп, аптықтарын басты. Шай ішіп, жайланды. Жүрек жалғап алған соң, грим жасалды бәріне. Айнаға қарады. Шаштарын тарады. Беттеріне опа-далап жақты. Көңілдері жайдары оппоненттердің. Бір-бірімен әзілдесіп те қояды.

Жә. Боянып, шайларын ішкен соң, тура сағат 18:00-де теледебат басталды. «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Алғашқы раундтың тақырыбы – «Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықтары». Екі турдан тұрды. Біріншісінде әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырып, бір жарым минут сөз сөйледі. Ал екінші тур сұрақ-жауап түріндегі пікірсайыс сессиясына арналды. Бұл орайда спикерлер өздерінің оппоненттеріне екі сұрақ қойып, екі сауалға жауап берді. Хош. Екінші раундтың тақырыбы – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Бұл раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеуі тиіс. Екінші турда жүргізушілер барлық қатысушыларға бір сұрақ қойды. Үшінші раундтың тақырыбы «Сайлаушыларға сөз арнау» деп аталды. Яғни президенттікке үміткерлер мен кандидаттардың сенімді өкілдері бір жарым минуттың ішінде үгіт-насихаттарын жүргізіп, халықты өздеріне дауыс беруге шақырды.

Асқар Нұрша, саясаттанушы:

- Маған дебат қатты әсер етті. Күткенімнен де жақсы болды. Үміткерлер мен кандидаттардың сенімді өкілдері теледебатқа тыңғылықты дайындалған. Сапасы көрініп тұр. Сайлаушылармен кездесіп алды. Сондықтан бәрі де не айтарларын, қандай нақты проблемалар барын біледі. Соны сауатты түде жеткізе білді.

Айгүл Омарова, саясаттанушы:

- Дебатты тікелей эфирде өткізу арқылы біз демократиялы ел екенімізді таныттық. Әріптестерім де осылай деп жатыр.

Дебат – кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын жалпақ жұртқа жариялау үшін зор мүмкіндік. Өз ұстанымын таныта алады. Биыл да солай болды.

Алуа Жолдыбалина, Қазақстанның стратегиялық институтының бөлім басшысы:

- Жалпы, бүгінде саяси дебаттар – ең жиі пайдаланатын сала технологияларының бірі. Жалпы, мәліметтерге назар аударсақ, бүгінде әлемнің 78 мемлекеті саяси дебатты саяси технология ретінде пайдаланған. Әсіресе президенттік кампанияларды жүзеге асыру барысында.

Талғат Қалиев саясаттанушы:

- Сайлау индустриясында бұл үлкен шоу. Халықтың қызығушылығын көтеру керек. Сайлауға барғым келеді деу керек. Бармаймын дейтін адамдар да бар. Ол бірталай адамға әсер етеді.

Бауыржан Төлегенов, сарапшы:

- Сайлауалды дебаттар біздің елде өткізілген. Парламент сайлауы кезінде өтті. Сондықтан тәжірибеміз бар. Биыл да жоғары деңгейде өтті деп толық сеніммен айта аламын.

Сайлау кезінде сан алуан пікірдің өрбуі заңдылық. Бүгін өндірісті өркендету, кәсіпкерлерді 3 жыл бойы салықтан босату, жемқорлықпен күрес, ұлттық құндылықтарға басымдық беру сөз додасының өзегіне айналды. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары әлі де жалғасады. Ал маусымның 9-ы – сайлау.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы