383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды

  • 175
  • UPD: 15:50, 06.06.2019

Бүгін Парламент Сенатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігі табысталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты рәсімде отандық парламентаризмді орнықтырудағы Елбасының еңбегі жан-жақты сараланды.

Осы сәттен бастап еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті Сенатор» төсбелгісі мен куәлігінің иегері. Яғни Елбасы енді Жоғары палата отырыстарына қатысып, заң шығару ісіне тікелей атсалыса алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен сәтте Елбасыға «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Сөйтіп Жоғары палата өткен аптадағы отырысында тиісті шешім қабылдап, сол бастамаға бірауыздан қолдау білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Мен әдейі осындай қос палаталы Парламент құрып, еліміздің дамуына жасаған еңбегіме құрмет деп білемін.

 

Сенат депутаттары елде жүргізіліп жатқан кез келген экономикалық әрі саяси реформаларға жауапты. Сол жауапкершілік жүгі бір сәтке де жеңілдеген емес. Себебі, әлемдегі алмағайып ахуалдарға қарамастан, еліміз өзіндік даму жолынан жаңылмауы керек.

Алтыншы шақырылған Парламенттің биыл төртінші сессиясы аяқталуға жақын. Оның барысында еліміз үшін аса маңызды заң жобалары қабылданды. «Бұл депутаттардың негізгі миссиясы», – деді Елбасы. Жалпы, Сенаттың Мәжілістен бір ерекшелігі, әрбір өңірден сайланған өкілдері бар. Олар өз аймақтарындағы мәселелерді Парламент атынан көтеріп, үкіметке тікелей жеткізе алады.

Еліміздің заң шығару ісіндегі тәжірибесі өзге елдерге де үлгі. Заман көшінен қалмай, жаңашылдықтарға ұмтылу – уақыт талабы. «Сондықтан тек Парламентті құру емес, елімізді өркендету жолында Елбасы сіңірген еңбек орасан», – дейді депутаттар.

Маусым айының соңында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басы Сохрана келгеніне тура 30 жыл толады. Алдағы уақытта да Парламенттің, оның ішінде Сенаттың депутаттары ұлт көшбасшысымен бірге елдік мүдде жолында аянбай еңбек ете бермек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл мамыр айының соңында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілген болатын.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Хасен Омарқұлов

Хабар 24 телеарнасы