378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин ресми сапармен Өзбекстанға барды

  • 181
  • UPD: 23:27, 07.06.2019

Тәуелсіздік алғалы алыс-беріс азаймаған екі елдің серіктестігі жанданып, жаңа серпінмен дамып жатыр Парламентаралық әріптестік аясындағы екі мемлекеттің жоспары ауқымды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түбі бір түркі жұртында өзбекті қазақ «өз ағам» деп сыйлайды. Өзбек ағайын досым қазақтан болсын деп мақалдайды. Бауырлас, көршілес халықтар арасындағы тарихи достықтың тамыры тереңде.

Былтыр қазақ елінде Өзбекстан жылы болды, ала шапанды ағайын биыл Қазақстан жылын жариялап отырғандығы осының айғағы. Өзбек еліне алғаш рет ресми сапармен келген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстан Олий мәжілісі заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесті.

Нұрлан Нығматулин екі ел ынтымақтастығының жоғары деңгейде қалыптасуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы орасан екендігін атап өтті. Тараптар бар салада алыс-берісін арттырған екі елдің парламентаралық серіктестігіне серпін беру жайын талқылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел байланысы ғана емес, жалпы өңірлік мәселелерді шешуде еңбегі ерен екендігіне ешкімнің таласы жоқ.

Бахтияр Эргашев, Зерттеулік бастамалар орталығының директоры:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі ықпалды саясаткер. Барлық халықаралық деңгейде ұсынған бастамаларының барлығы өміршеңдігін дәлелдеді. Өзбекстанда Назарбаевты Орталық Азиядағы саясаттың ақсақалы ретінде құрмет тұтады.

Мәжіліс спикері Сенат төрағасы Нигматилла Юлдашевпен де кездесіп, заңнамалық жүйенің маңызын сөз етті. Екі мемлекеттің біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы келісімі әсіресе сауданың көрігін қыздырғаны рас.

Былтыр тауар айналымы 2,5 млрд доллардан асып жығылды. 2020 жылы 5 млрд долларға жеткізу жоспарда.

Айта кетейік, қабырғалас жатқан құдайы көршіміздің аумағында 1,5 млн этникалық қазақ түтін түтетуде. 500 қазақ мектебі бар.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Қазақстан мен Өзбекстанның барлық саладағы ынтымақтастығы маңызды фактор. Бұл жалпы Орталық Азияда бірліктің нығаюына сеп болады. Екі ел серіктестігі жаңа белеске шықты. Қазіргі нарық жағдайында өңірде, постекеңестік кеңістікте интеграция да екпіндей дами бастады.

Жібек жолын бойлаған қос елдің сауда-экономикалық, мәдени, парламентаралық байланысын үдетуде әлеуеті мол.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осы бауырлас елде өткен барлық кездесулер, Өзбекстан халқының Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ерекше ниетін, ерекше құрметін көрсетті. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлының және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвтің салиқалы саясатының арқасында біздің елдеріміз қай салада болса да, экономика болсын, мәдени болсын, барлық жағынан жоғары деңгейге жетті. Ол парламенттік байланысқа да жаңа серпін берді. Осы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында біз өзбекстандық әріптестерімізбен нақты келісімдерге қол жеткіздік.

Осылайша тәуелсіздік алғалы екі елдің ежелгі достық ұстанымына еш сызат түскен емес. Керісінше, аралас-құраластығымыз арта түсті. Қазір қазақ елінде 1400 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Екі жақ импорт-экспортын еселесе, бұл көрсеткіш те көбейері сөзсіз.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, А.А., А. Ә., Ж.Е.

Хабар 24 телеарнасы