382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлаудан кейін Қазақстан-Армения серіктестігі арта түседі – Д.Меликян

  • 133
  • UPD: 19:50, 08.06.2019

Ресми Нұр-Сұлтан мен Ереван арасындағы серіктестік нығайып, жаңа деңгейге көтеріледі. Арменияның саясаткерлері мен сарапшылары осылай дейді.

Олардың айтуынша, қазақстандықтар өз таңдауын жасап, жаңа президентті сайлаған соң екі ел арасындағы достық қарым-қатынас дамудың жаңа кезеңіне өтеді.

ТМД, Еуразиялық экономикалық Одақ және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымдарында Қазақстанның сенімді серіктесі Армения мемлекеті де одақтас елдегі саяси оқиғаларды қалт жібермей, мұқият бақылап отыр. Ал, алдағы президенттік сайлау болса саясаттанушылар мен экономистердің талқыға салған маңызды тақырыбына айналған. Себебі Нұр-Сұлтан мен Ереван бүгінде барлық сала бойынша тығыз серіктестік орнатып үлгерген елдердің бірі. Бұл орайда сайлау алды үдерісін жіті бақылаған саяси сарапшы Виген Акопян өз пікірімен бөлісті. 

Виген Акопян, саяси сарапшы:

- Бұл сайлаудың маңызды бөлшегі - сайлауалды науқанында өткізілген пікірталас. Себебі сайлаушылар қай кандидатқа дауыс берерін білмейді. Бағдарламаларын білгенімен, үміткердің мүмкіндігінен хабарсыз болады. Ал пікірталастан соң халық кандидаттың шынайы талпынысын байқайды. 

Саяси және құқықтық зерттеулер орталығының жетекшісі Джонни Меликянның айтуынша, президенттікке үміткерлердің көзқарасы әртүрлі болуы маңызды. Олардың өз пікірі, өзінің ерекше бағдарламасы болуы шарт. Одан бөлек саясаттанушы еліміздегі сайлаудың ашықтығына ерекше тоқталды. 

Джонни Меликян, саяси және құқықтық зерттеулер орталығының жетекшісі:

- Қазақстандағы сайлауалды науқаны әлемдік демократиялық елдердің қабылдаған стандарттарына сай өтті. Бұл алға жылжуға ұмтылған ел үшін өте жақсы көрсеткіш. Түрлі партиялардың бақ сынасуы да, Қазақстанның 30 жылдық еңбегі зая кетпегенін көрсетеді. Дамуды қалаған мемлекеттің ұстанымы осындай болады. 

Армения саясаттанушыларының айтуынша, соңғы кездері екі ел өкілдерінің кездесуі жоғары деңгейде және жиі ұйымдастырылып жүр. Демек, сайлаудан соң Нұр-Сұлтан мен Ереванның серіктестігі беки түсетініне сенімімдіміз, дейді олар. 

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы