387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау-2019: Неміс саясаттанушыларының пікірі

  • 428
  • UPD: 09:16, 09.06.2019

Германияның бизнес өкілдері мен саясаттанушылары Қазақстандағы президенттік сайлауды жіті бақылауда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар қос ел арасында берік стратегиялық байланыс орнағанын айтады. Бүгінде алыс-берістің жалпы құны 5 млрд еуроны құрайды. Сондықтан еліміздегі сайлаудың қалай өтетіні немістің бизнес және саяси қауым өкілдерін қызықтыратыны сөзсіз.

Германия Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныған алғашқы елдердің бірі. Сол себепті олар елімізді Орталық Азиядағы сауда ісі жөніндегі сенімді серіктес, стратегиялық әріптес ретінде таниды. Сәйкесінше, алдағы Президенттік сайлау тек Қазақстан үшін ғана емес, әріптес-елдер үшін де аса маңызды, - дейді неміс сарапшылары.  Маусымның 9-ы күні Қазақстан жаңа Президентін сайлайды. Демек, елдің даму бағыт-бағдарын айқындау мақсатында өз таңдауын жасайды. Осы орайда елдегі сайлауалды науқанды бақылаушылардың бірі, неміс саясаттанушы Маттиас Дорнфельдттің пікіріне құлақ түрсек.

Маттиас Дорнфельдт, саясаттанушы:

- Өз басым, сайлауға кімдердің түсіп жатқанын, олардың қандай бағдарлама ұсынып жатқанын білуге асықтым. Себебі, бұл сайлауға түскен үміткерлер саны біршама. Жуырда Қазақстан халқы кімді таңдайтыны, жаңа Президент қандай мәселеге басымдық беретінін білетін боламыз. Қазір әлем назары Қазақстанға ауып  отыр. Оның ішінде шетелдік бақылаушылар бар. Еуропалық қауіпсіздік ұйымы мен Германияның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері де сайлауды жіті бақылап отыр. Қазақстанда сайлау жақсы деңгейде ұйымдастырылатыны баршаға белгілі. Осыдан үш жыл бұрын өзім бақылаушы болған едім. Халықтың дауыс беру белсенділігі таңқалдырғаны рас. Халық сайлауды мереке деп қабылдайды. Бұл жолы да барлығы да жақсы өтеді деп сенемін.

Германияның іскер қауымы да Қазақстандағы сайлауды назардан тыс қалдырмайтыны анық. Бүгінде Қазақстанда 900 неміс компаниясы жұмыс істейді. Орталық Азия нарығына қызығушылық танытатын кәсіпкерлер саны жыл санап артып келеді. Бұл тұрғыда неміс бизнесмендері инвестициялық климаты қолайлы Қазақстанның тұрақты дамып, ел келешегінің кемелдену жолында жасалып жатқан істерін жоғары бағалайды.

Кристиан Гроссе, «Либералды орта бизнес» неміс бірлестігінің жетекшісі:

- Германияның бизнес өкілдері  Қазақстандағы сайлауды жіті бақылап отыр. Себебі Германия Қазақстанға инвестиция құйған бірден бір ел. Және алдағы уақытта да етене жұмыс жасауға ниетті. Өзім де осыдан үш апта бұрын Қазақстанда болдым. Елдегі демократиялық үрдісті аңғардым, барлық жерде белгілі бір үміткерге дауыс беруге үгіттейтін плакаттар ілінген.

Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін шетелден мыңнан аса бақылаушы келді. Неміс саясаттанушыларының пікірінше, бұл жақсылықтың нышаны. Яғни, Қазақстан ашық  әрі демократиялық үдерісті іске асыруға дайын.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы