384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Саяси науқаннан ақпарат таратуға тіркелген тілшілер саны рекордтық көрсеткішке жетті

  • 90
  • UPD: 01:39, 10.06.2019

Қазақ елінде өткен сайлауды халықаралық басылымдар да жіті бақылады.

Биыл саяси науқаннан ақпарат таратуға тіркелген тілшілер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда президент сайлауына әлемнің 40-тан астам елінен 227 журналист келді.

Саяси науқаннан ақпарат таратуға келгендердің арасында әлемге танымал Би-Би-Си, The New York Times», «The Wall Street Journal», «Associated Press, сынды телеарналардың өкілдері бар. Олардың жұмысын жүйелеу үшін Орталық сайлау комиссиясында баспасөз орталығы ашылған.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Бұл жерді президент сайлауы жайында ақпарат таратып жатқан негізгі орталық деп айтуға болады. Дәл осы жерден журналистер жарыса жаңалық жариялап жатыр. Ресми ақпараттардың жүйелі жеткізілуі үшін сағат сайын баспасөз конференсиялары ұйымдастырылған. Сондай-ақ тілшілерге компьютерлер қойылып, қажетті құралдармен жабдықталған. Дәл осы жерде айтылған мәлімдеме бірнеше минуттың ішінде түрлі тілде телеарна, басылым беттерінде жарияланады.

Баспасөз орталығынан жаңалық таратып жүрген тілшінің бірі – Элдад Бек. Бұған дейін түрлі елдегі бірнеше саяси науқанға қатысқан журналист Қазақстандағы сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. 

Элдад Бек, Israel Today басылымының тілшісі:

– Орталық Азия елдерінде демократия жоқ деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан бүгінгі науқанда осы жағдайға мән бердім. Алайда Қазақстанда сайлаудың қалыпты өтіп жатқанын көзбен көріп отырмын. Бұған дейін демократиялық ел деп саналатын батыс мемлекеттеріндегі сайлаулардан ақпарат таратқанмын. Мұндағы науқанның ұйымдастырылуы мен ашықтығы сол елдегілерден кем деп айта алмаймын.

«ТАСС» ақпарат агенттігінің тілшісі Дмитри Караман да Орталық сайлау комиссиясында тапжылмай отырып ақпарат таратты. Ол Қазақстанға 4 әріптесімен келген.

Дмитрий Караман, «ТАСС» ақпарат агенттігінің тілшісі:

– Қалған үш әріптесім дауыс беру учаскелерін аралап кетті. Олар сараптамалық материал дайындайды. Мен осы жерде айтылған ресми ақпараттарды жазамын. Мұндағы барлық мәлімдеме көп ұзамай, біздің сайттан жарық көреді. Сайлау туралы жан-жақты ақпарат беріп жатырмыз.

Эрик Лаймен, Washington Times басылымының тілшісі:

– Төрт сайлау учаскесін араладым. Барлығында дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ашық жағдайда өтіп жатыр. Байқаушылармен де, сайлаушылармен де тілдестім. Саяси науқанға оң көзқараста екендерін айтты. Бұған дейін бірнеше елдегі сайлауға қатысқам. Арасында тілшілердің кейбір ақпаратты жариялауына, түсіруіне тыйым салынған жағдайлар болды. Бірақ Қазақстанда бізге ешкім ешқандай шектеу қойған жоқ. Еркін жұмыс істеп жатырмыз.

Жерлесіміз Александр Тасболатов та бұған дейін талай сайлауды көріп, ақпарат таратқан. Оның айтуынша, жыл өткен сайын жаңалықты жариялау тәсілдері жеңілдеп келеді.

Александр Тасболатов, «Егемен Қазақстан» газетінің ҚҰҚЫҚ және саясат бөлімінің шолушысы:

– Журналистика саласында бірнеше жылдан бері істеп келе жатқандықтан, еліміздегі президент сайлауының бірнешеуіне қатыстым десем де артық емес. Бұл сайлауда басынан бастап бүгінгі күнге дейін өзім қатысып келдім. Осы жерде өтіп жатқан отырыстардың бәрі ашық түрде жүргізілді. Әр отырысқа БАҚ-тан келген журналист қатысып отырды және де сол отырыстардың бәрінде не айтылғаны қалай айтылғаны заң бойынша да алқалы түрде де жүргізіліп отырды.

Осыдан 4 жыл бұрын өткен Президент сайлауына шет елдерден 170 журналист келген болатын. Биыл науқан қарсаңында тіркелгендерінің саны 220-дан асты. Бұдан бөлек тағы 121 шетелдік журналист Қазақстанда тұрақты аккредитацияға ие.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы