384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан президенті: Еліміздің әрбір азаматын қорғау – менің басты мақсатым

  • 933
  • UPD: 15:17, 12.06.2019

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының президентін ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ата заңымызға қолын қойып, президенттік қызметке кірісуіне байланысты ант берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, ҚР президентінің өзіме жүктелген міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Мемлекет басшысын ұлықтау салтанатына Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғарғы соттың судьялары мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қатысты. Ант қабылдау рәсімінен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға президент куәлігін табыстабы. Өз кезегінде мемлекет басшысы сайлауда өзіне дауыс бергендерге алғыс білдіріп, жаңа қызметінде «Еліміздің әрбір азаматын қорғау – менің басты мақсатым», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Аса қалірлі Елбасы, құрметті отандастар, ең алдымен маған зор сенім артып қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын. Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода да болды. «Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана емес, жеңіске жететін жарыс» дейді. Расында, өте әділ пікір. Осы саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі. Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың татулығы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ісін жалғастыратынын жеткізді. Бес бастама мен бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға ерекше тоқталды. Президент әлеуметтік, экономикалық мәселелермен қатар қоршаған ортаның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Халықты таза ауыз сумен қамтып, жолдардың сапасын жақсарту сынды өзекті мәселелерді де назарға алды. Ал билік пен халықтың байланысын нығайтуға бағытталған «Қоғамдық сенім Ұлттық кеңесінің жұмысы осы жаздың тамыз айында өтетінін жеткізді. Билік халыққа берген уәдесін орындау керек», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек. Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою. Бірінші қыркүйекке дейін  жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз. Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет.   Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу. Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет. Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу. Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын.

Хабар 24 телеарнасы