383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент: Антқа адал болу, сертке берік болу – халық алдындағы парызым

  • 145
  • UPD: 21:09, 12.06.2019

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шара Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылды. Қазақстанның жаңа Президенті елдің тұрмысын тіктеп, жағдайын жақсартуға негізделген 10 бағытты атады.

Есеп берумен есі шығып жүретін шенді мен шекпендінің арқаны кеңге салатын кезі бүгін. Алқынған министрді, асыққан депутаттты көрмейсің. Бір-бірімен емен-жарқын сөйлесіп, хәл сұрасып жатыр. Енді бірі суретке түсіп, тарихи сәтті тағатсыздана күтіп жүр. Себебі ел кезекті көшбасшысын таңдады. Президент ұлықталған күн бүгін.

Бұл жолғы ұлықтау рәсімі сәл өзгеше өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайына іркес-тіркес көлікпен келген жоқ.

Ел нышандары орнатылды. Құрмет қарауылы Конституцияны ортаға алып шықты. Көк сарайға келген көпшілік алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет көрсетті. Елдің іргесін қалап, еңсесін тіктеген Тұңғыш Президент биыл наурызда өз өкілеттігін тоқтатып, ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстаған еді. Көп ұзамай Елбасы сенім артқан саясаткерге елі де еш күмәнсіз дауыс берді.

Саяси додада 7 бірдей үміткер бақ сынады. Бірақ сайлаушылардың 70 пайыздан астамы Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдады. Тәжіибелі дипломатты Президент болуға лайықты деп таныды.

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген міндеттерді адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Мемлекет басшысына Президент куәлігін табыстады. Дәл осы сәттен бастап біздің ел тағы бір тарихи кезеңге аяқ басты. Бұл бейбіт күнге, толайым табысқа, жарқын болашаққа жасалған құтты қадам боларына ел сенеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті отандастар! Ең алдымен маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын! Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды. Сайлау – сайысқа түсушілердің пікірі ғана таласқа түсетін жарыс дейді. Расында әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүддесін өзгеден ерек көреді. Қайшы пікір танытқанды қақпақыл қылатындардан ада. Мемлекет басшысы саяси көзқарасы бөлек жандарға қырғидай тиетіндердің әрекетіне тосқауыл қоямын деді. Біздің елде түрлі пікірдің болуы заңды. Бірақ тұтас ұлт болуды ұмытпаған абзал. Президент өз сөзінде осыны меңзеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді. Еліміздің әр азаматының құқығын қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана отанымыз бар, тағдырымыз бір. Халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз.

Осыған дейін Мемлекет басшысы өңірлерді аралады, елдің хәлін білді. Қордаланған жайттардан құлақдар болды. Олқы тұстың бәрін тізді. Жүйелі жоспар әзірлеп, жұртқа ұсынды. Енді соны алдағы 5 жылда жүзеге асырады. 

– Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз. Бүгін халықты, ең алдымен, не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азамат банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет.

Президент 10 бағытты ұсынды. Әуелгісі – халықтың тұрмысын тіктеу. Елдің жағдайы жақсармай, мемлекеттің адымы алшаңдамайды. Қадамды қарыштату үшін жегі құрттай жабысқан жемқорлық дейтін дерттен айығу қажет. Сондықтан парақорлықпен күрес енді тіптен күшейеді. Шешім шығарарда сот та адамдарды алаламауы керек. Қалтасы қалыңдар құтылып, қарапайым халық тұтылып қалатын кез келмеске кетеді.     

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет. Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.

Мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесі артады. Енді сенбілікке жегілген, қағазға көмілген ұстазды, ақша берсең емдейтін, ақшасы жоқты сезбейтін ақ халаттыларды көрмейміз. Мемлекет басшысы әділетті әлеуметтік саясат қалыптастыруды мақсат етеді. Тұтас елді тұғырға шығару үшін өңірлерді түрлендіру керек. Аймақтар дамығанда ғана мемлекет ілгеріледі деп айтуға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын - жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет. Кейінгі буынның кежегесі кейін тартпау керек. Жастар еңбексүйгіш, отанына қалтқысыз қызмет етуге әзір болуы қажет. Олардың билікке келуі енді жиілейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Үкіметте ауыс-түйіс болатынын айтқан. Жас мамандар енді ведомстволардың тізгінін ұстайды. Өйткені қазір елге жаңа көзқарас, тың серпін керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін.

Президентті ұлықтау рәсімін тамашалауға Тәуелсіздік сарайына 2 жарым мың адам келген. Шетелдік меймандар болған жоқ. Тек Қазақстандағы өзге елдің елшілері ғана қатысты. Ұлықтау рәсімінен соң Қасым-Жомарт Тоқаев сап түзеген сақа сарбаздардың салтанатты шеруін тамашалады.

Қазақстанды әлем біледі. Қазақстанды қуатты мемлекет деп таниды. Біздің елді бәсекеге қабілетті деп санайды. Бірақ өзге елдің берген бағасы емес, өз еліңнің берген батасы ыстық болар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев енді Елбасының барлық бастамаларын әрі қарай дамытып, жүзеге асырмақ.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Мұқым жұрттың мызғымас бірлігін сақтауға серт берген Президент өзі айтқан 10 бағыттың орындалуын жіті қадағалайды. Елбасы салған сара жолдан таймай, мемлекеттің дамуына сүбелі үлес қосуға даяр Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі ұлықтау рәсімінен кейін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті саммитіне қатысуды жоспарлап отыр. Халықаралық жиын биыл Бішкекте өтеді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы