389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев ШЫҰ елдерінің әріптестігін нығайтуды ұсынды

  • 353
  • UPD: 15:47, 14.06.2019

Бүгін Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мен Астана халықаралық қаржы орталығы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сол арқылы бірлестікке мүше елдерден Қазақстанға қомақты инвестиция тартылады әрі сол мемлекеттердің қаржы жүйесі дамиды. Бұл туралы Бішкектегі Шанхай сегіздігінің саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы 2018-2020 жылдарға арналған ұзақмерзімді достық пен ынтымақтастық келісімін толыққанды жүзеге асыруды ұсынды. Сондай-ақ Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған үшжақты диалогты қолдану, оның ішінде Еуропа мен Азиядағы интеграциялық ұйымдармен әріптестікті нығайту ұсынылды. Ал Қырғызстан президенті Қытайдан Еуропаға бағыт алатын тағы бір сауда жолын салу бастамасын жүзеге асыру қажеттігін айтса, Ресей көшбасшысы лаңкестік ұйымдармен күресті күшейту керектігін алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінің алаңында қабылданған шешімдер көпжақты әріптестікке оң ықпал етуі тиіс. Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ, Еуроодақ, БРИКС және АСЕАН елдерімен де байланыс нығаюы керек. Бұл ретте, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «үш жақты диалог» бастамасы маңызды рөл атқарады. Сөйтіп Азия мен Еуропаның жобаларын біріктіруге мүмкіндік туар еді. Қазақстан блоктар арасында қарама-қайшылықтарды жоюды көздейді. Ал бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы мен Астана халықаралық қаржы орталығы арасында қол қойылатын құжат осы бірлестікке мүше елдердің қаржы жүйесін дамытуға септігін тигізеді.

Хабар 24 телеарнасы