389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев бағдарламасының 10 бағытын халықаралық қауымдастық талқылады

  • 1635
  • UPD: 22:48, 14.06.2019

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 негізгі бағытты халықаралық қауымдастық қызу талқылап, оң бағасын беріп жатыр.

Шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа міндеттер елімізді дамудың жаңа дәңгейіне шығарады деген сенімде.

Ресей саясаттанушылары Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың  жастар алдына  жоғарғы міндеттерді қоюы маңызды бағыттардың бірі дейді. Мемлекеттің инновациялық дамуы тікелей жастарға байланысты. Осы тұрғыда Халықаралық интеграциялық ынтымақтастық Институтының директоры Игорь Филькевич Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын толықтай құптайды. Оның айтуынша, елдің дамуы үшін азаматтық келісім органы құрылатыны да айрықша маңызға ие. Бұл халықтың атынан келген ұсыныстарды жүйелі жүзеге асыру үшін қажет дейді ол.

Игорь Филькевич, халықаралық интеграциялық ынтымақтастық институтының директоры:

-  Ең алдымен Қазақстан азаматтарының экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсаты қойылып тұрғаны маңызды. Бұл тұста жастарға үлкен көңіл бөлінгені де өте орынды. Қазақстан - қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентеріңіздің ісін жалғастырып, жүйелі жұмыс жүргізетіндігіне сенімдіміз.

Халықтың табысын арттыру және жемқорлықпен күрес. Бұл президент айқындап берген басты бағыттардың бірі. «Либералды орта бизнес» бірлестігінің жетекшісі Кристиан Гроссенің ойынша, халыққа арналған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру мен жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізудің маңызы өте зор. Себебі осы бағыттағы реформалар мен қолайлы инвестклимат Қазақстанға шетел инвесторларын барынша тартуға септігін тигізеді дейді ол.

Кристиан Гроссе, «Либералды орта бизнес» бірлестігінің жетекшісі:

- Германия экономикасы үшін жемқорлықпен күрестің маңызы зор. Неміс кәсіпкерлері елге жүздеген миллион еуро құйса, кепіл алғысы келеді. Бизнес үшін ұзақ мерзімді жоспарлар маңызды. Сол себептен, жемқорлықпен күресу - басты міндет. Германияның бұл салада тәжірибесі мол. Мысалға шенеуніктерімдің жалақасы үлкен, сол себептен олар сыртта табыс іздемейді. Жалақыны көтеру мәселесі маңызды екені сөзсіз.  Әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін тиісті жұмыстар дер кезінде қолға алынып отыр.

Экономиканы еселей түсу үшін шетелдік инвестицияның атқарар рөлі зор. Олар ауыл-аймақты дамытуға серпін береді. Еуропарламент депутаты Ивета Григуле Қазақстан Президентінің бастамасы дер кезінде қолға алынып отыр деп өз пікірін білдіріп, жаңа басшының жұмысына сәттілік тіледі.

Ивета Григуле, Орталық Азия елдері бойынша еуропарламент делегациясының басшысы:

- Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзін оқып шықтым. Президенттеріңіз елдің дамуы үшін инвестиция тартудың маңызы зор екенін  атап өтті. Себебі елге шетелдік инвестиция тартылып, мемлекет  тұрақты түрде дамуы қажет. Сол кезде әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға еш кедергі болмайды.

Президент айқындаған 10 бағыттың әрбірі өте маңызды. Және ол заман талабына сай. Сарапшылар олардың сәтті жүзеге асырылуы экономиканың барлық саласында өсімнің болуын қамтамасыз ететініне сенімді.

Хабар 24 телеарнасы