Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 74
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 137
384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда ТМД елдерінің туристік жәрмеңкесі өтті

  • 92
  • UPD: 10:28, 11.07.2019

Қазақстан ұсынған « Silk Viza» жобасын ТМД елдері қолдап отыр. Оған қоса болашақта ортақ туристік құжат та жасалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Самарқандта өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері туризм кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Кеңес аясына Өзбекстан тарапының ұйымдастыруымен алғаш рет тәуелсіз елдердің турстік жәрмеңкесі де өтті. Оған Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның туристік агенттік өкілдері қатысып, өздерінің туристік әлеуетін паш етті.

Кеңестің Самарқандта өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені қала Ташкенттен кейінгі халық саны жағынан екінші орында тұр. Оған қоса, көненің көзіндей болған тарихи жәдігерлерге бай. Арысы ұлы қолбасшы Әмір темір мен оның немересі Ұлықбектің аспан әлемін зерттемек болған обсерваториясына дейін осында орналасқан. Дәл осындай тарихи орындар әлем кезген саяхатшылардың көптеп келуіне негіз болып отыр.

Өзбекстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитеттің ұйымдастыруымен өткен ТМД елдерінің алғашқы туристік жәрмеңкесіне жалпы 300-ге жуық компания өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты. Онда әр мемлекет өзінің осы салада атқарып жатқан жұмысын таныстырып, қолға алынған жаңа бағыттар бойынша баяндап берді. Жәрмеңке аясында туристік компаниялар өзара тәжірибе алмасып, болашақта әлем кезген саяхатшыларға бірлесіп, қызмет көрсету жөнінде 54 уағдаластыққа қол қойды.

Гурбан Гурбанов, Түркіменстандық туристік агенттігінің өкіл:

Жібек жолын жандандыру бағытында Өзбекстанмен тығыз байланыс орнаттық. Туристер көрші елден келіп, Түркіменстанды аралап, тарихи жерлерін көреді. Қаласа Өзбекстанға не болмаса ары қарай Қазақстан мен Әзірбайжан елдеріне өтеді. Тіпті Иранға қарай туристік бағытымыз бар. Түркіменстан Жібек жолының бойында орналасқандықтан туристерді тартуға үлкен мән беріліп отыр.

Қазақстан төрағалық еткен кеңесте ТМД елдері арасындағы 2018-2020 жылдардағы туризм саласында қолға алынған жобалардың жүзеге асу жайы сөз болды. Алдағы атқарылар стартегиялық жоспар пысықталды. Жиында Қырғызстан ортақ туристік құжат жасауды ұсынса, Беларусь пен Армения өкілдері «әуе қатынасын жандандыру қажет» деп атап өті. Ең негізгісі - Қазақстан ұсынып отырған «Жібек жолы» визалық режимін кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады. Өзбекстан тарапы қазіргі таңда кедендік ұйымдар мен құзырлы орган өкілдері арасында ақпарат алмасу мен құжаттарға мөр басу мәселесін пысықтап жатыр.

Абдулазиз Аккулов, ӨР Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының міндетін атқарушы:

- Негізгі мақсат - жалпыға ортақ туристік жүйені дамыту. Қазақстанда жоқ нәрсе Өзбекстанда бар. Тиісінше, бізде жоқ нәрсені көрші елден табуға болады. Сондықтан біз күш біріктіріп, үшінші елден келген туристерге мың жылдық тарихымызбен бір бағытта етене танысуға жағдай жасамақпыз.

Кеңес аясында ТМД елдері арасындағы туристік байланысты нығайту тақырыбында арнайы семинар да ұйымдастырылды. Онда кеңес мүшелері мен ғалымдар және туристік ұйым өкілдері өзара тәжірибе алмасты. Электронды виза мен өзбекстандық жастар ұсынған «Назар» туристік жобасы да қаралды. Жиында ТМД елдері  кеңесінің  төрағалық тізгіні Өзбекстанға тапсырылды. Ал, келесі отырыс 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болды.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы