384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Д.Абаев діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі конференцияға қатысты

  • 364
  • UPD: 16:14, 19.07.2019

Еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев Діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі министрліктің конференциясына қатысты.

Ауқымды шара АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның бастамасымен Вашингтонда екінші рет ұйымдастырылған. Құрама Штаттардың әкімшілік астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен мыңнан аса дін басшылары мен белсенділер келіп жетті.

Діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі ІІ министрлік конференциясына 115 елдің сыртқы істер ведомствосы мен дін өкілі қатысты. Қазақстандық делегацияны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бастап барды. Жиында ол арнайы баяндама жасап, бұл бағыттағы еліміздің ұстанымын жеткізді. Айтуынша, Қазақстан қашан да діни ұйымдардың қызметін қолдау және конфессияаралық диалогты нығайту үшін бар жағдай жасайды. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев діни сенім бостандығы мен оған құрметпен қарау мәселесін қолға алған еді. Бұл өз кезегінде 18 түрлі дін және діни конфессияны ұстанатын 3 700 ұйым арасында ынтымақты орнатуға сеп болды. Түрлі діннің жолын ұстанатын көпұлтты Қазақстанның бірлігі мығым. Сондықтан, ашық диалог үшін тиімді алаң құра алды. Елордамызда әлемдегі дәстүрлі дін басшыларының  6-съезін сәтті өткіздік. Бұл әртүрлі дін көшбасшыларының жаһандық маңызға ие мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін бірегей форматтағы жиын.  

Жиын кезінде Қазақстанның экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстары да Баяндалды. Оның ішінде, Қазақстан азаматтарын Сириядағы әскери қақтығыстар аймағынан елге қайтарып,  қоғамда бейімдеу бағдарламасы да тілге тиек етілді. Дәурен Абаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың діни сенім бостандығын қамтамасыз етудің негізгі қағидасын берік ұстанынын жеткізді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Елімізде діни экстремизм мен радикализмге қарсы күрес жоспары іске асырылуда. Өкінішке қарай, біздің де кей азаматтарымыз теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кеткен.  Былтырдың өзінде Қазақстан шетелдік әріптестердің көмегімен Сириядан 600 азаматты елге қайтарды.  Қазіргі таңда олардың қоғамға бейімделуі бойынша арнайы бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Министр Қазақстанның адам құқықтарын қорғау мен діни бостандық бойынша ғаламдық ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті. Шара барысында Дәурен Абаев АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық діни еркіндік жөніндегі төтенше міндетті елшісімен және Мемлекеттік хатшының демократия, адам құқықтары және еңбек істері жөніндегі көмекшісінің орынбасарымен кездесті. Тараптар конфессияаралық келісім, экстремизммен күрес және азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін талқылады.

Хабар 24 телеарнасы