386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Nur Otan партиясының алдында тұрған негізгі міндеттерді атады

  • 228
  • UPD: 22:52, 16.08.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Нұр Отан партиясы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Жиында Тұңғыш Президент партия алдында тұрған негізгі міндеттер мен алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттарын атады.

Сондай-ақ «нұротандықтарды» Мәжіліс сайлауына дайындық жұмыстарын белсенді жүргізуге шақырды. Одан бөлек тың бастамасы бар отандастарымызды партия қатарына қосылуға үндеді.

«Нұр Отан» партиясы небәрі 20 жылда саяси қуатты күшке айнала білді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөздің әлқисасын осыдан бастады. Партия төрағасы осыған дейін біздің ел талай қиындыққа төтеп берді. Алдағы сындарға да тас-түйін дайын екені айтты. Бірақ әлем экономикасы шатқаяқтаған қазіргі тұста – міндетті түрде атқарылуы тиіс межелі міндеттерді атады. Алдағы кезеңге арналған жұмыстардың басым бағыттарын белгілеп берді.  

Қаржы қысқан қазіргі тұста елдің тұрмысын тіктеуге ден қою керек. Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтің әл-ауқатын арттыру арқылы ғана дамыған 30 елдің қатарына кіруге болады деді. Ол үшін партия өкілдері бұқараның базынасына бас бұрып, олардың сұранысына дер кезінде үн қата білуі тиіс.

Алда Мәжіліс сайлауы өтеді. Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық мерзімде өтетін бұл науқанға қызу дайындалу керектігін айтты.

Бірлік пен келісім барда өркендеу де болады. Тұңғыш Президент партия өкілдері елдің тұтастығын сақтауға және тың бастамасы бар отандастарымызға қолдау көрсетуді үндеді. Тіпті белсенді азаматтарды Нұр Отан партиясына қосылуға шақырды.  

«Нұр Отан» партиясы шалғайдағы елді мекен тұрғындарының проблемаларын шешуге баса назар аударуы керек. Өйткені өңірде шешімін таппаған өткір әрі өзекті жайттар көп.

Елге етене жақын болуды үндеген Тұңғыш Президент ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдаудың маңыздылығына да тоқталды. Партияның саяси кеңесі бюросының отырысында Мәжіліс депутаттарының мандаттарын беру туралы шешім қабылданды. Партиялық тізім бойынша депуттаттық мандат үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға, актер  Нұрлан Әлімжановқа, Екібастұз әкімі Нұржан Әшімбетовке, сондай-ақ ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Жұлдыз Омарбековаға беріледі.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы