387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Терезе Томмо: Африкаға гуманитарлық көмек көрсетуде Қазақстанның үлесі зор

  • 162
  • UPD: 12:33, 20.08.2019

Бүгінде БҰҰ-ның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің жартысы Африка құрлығына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл континент бүгінге дейін ұзаққа созылған қақтығыстардан көз аша алмай келеді. Оның басым бөлігі ішкі талас-тартыс пен халықаралық терроризммен күрестен ушығып тұр. Осы ретте Африканың үкіметтік емес ұйым басшыларының айтуынша, аймақтағы бейбітшілікті нығайту мен гуманитарлық көмек көрсетуде қазақ елінің қосқан үлесі зор.

Африкада 257 миллион адам ашаршылық азабын тартып отыр. Ал 5 жасқа дейінгі 60 миллионға жуық бала арықтықтан зардап шегуде. Бұған қоса, олардың өсуі мен дамуы да айтарлықтай тежелген. БҰҰ-ның жыл сайынғы баяндамасына сай 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда қара құрлықтағы ашаршылық зарын тартып отырғандар саны 34 миллионға артқан. Бұған бірінші кезекте аймақтағы қарулы қақтығыстар кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Осыған байланысты Африкадағы аналар қауымдастығының президенті Терезе Томмо аймақтағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның айтуынша, түйткілдің түйіні шешілуі үшін келіссөздер процесі мен бітімгерлік миссияларына әйелдерді тарту керек.

Терезе Томмо, Африкадағы аналар қауымдастығының президенті:

– Әйелдер мен балалар бірінші кезекте қарулы қақтығыстардан зардап шегеді. Сондықтан біздің қауымдастық тараптарды бітімге шақырады. Және сол мақсатта біз келіссөздер процесіне қатысуға дайынбыз. Себебі көптеген бала мектепке бармайды. Бәрі өлместің күйін кешуде. Егер әйелдердің қоғамдағы рөлі күшейсе, одан бәрі де ұтады. БҰҰ-ның Бас хатшысы айтқандай, келіссөздер сәтті өтуі үшін делегация құрамына міндетті түрде әйелдерді қосу қажет.

Бұған қоса, Африкадағы аналар қауымдастығының басшысы Терезе Томмо қауіпсіздікті нығайту, бітімгерлік пен гуманитарлық көмек көрсетуде Қазақстанның қосқан үлесі өлшеусіз деп санайды. 2014 жылдан бері еліміз Африкалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет қатарында. Ал Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі құрамында болған уақытта Сомали мен Эритреядағы ахуалды ретке келтіру комитеттерін басқарды. Және оған төрағалық ету барысында еліміз тараптардың бітімге келуіне байланысты ауқымды істер атқарды.

Терезе Томмо, Африкадағы аналар қауымдастығының президенті:

– Біз БҰҰ-дағы барлық достарымыздан көмек сұрадық. Сол кезде Қазақстанның бізге қаншалықты қолдау көрсеткені әлі де есімізде. Елдеріңіздің бізге әрдайым қол ұшын созып, Африкаға барынша көмектесіп жатқанын жоғары бағалаймыз.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы