385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлері «С5+1» форматында кездесті

  • 124
  • UPD: 16:29, 21.08.2019

Елордада Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері «С5+1» фрматында кездесу өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесудің күн тәртібіне «Экономикалық қауіпсіздік және әріптестік», «Ауғанстандағы бейбітшілік», «Орталық Азияда қауіпсіздікті қамтамасыз ету» атты үш негізгі мәселе қаралмақ.

Бірінші болып сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов АҚШ мемлекеттік департаменті хатшысының орынбасары Дэвид Хейлге бүгінгі шараға қатысқаны үшін алғыс білдірді.

«Осындағы Сыртқы істер министрлеріне де жиынға қатысқандары үшін алғыс айтамын. Кездесуге өздеріңіздің тікелей қатысуларыңыз талқыланатын мәселелердің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Құрметті министрлер, қымбатты достар, бауырлар, қауіпсіздік тақырыбына арналған аса жоғары деңгейдегі «С5+1» кездесуіне қош келдіңіздер. Нұр-Сұлтан қаласына келіп, өңірдегі ағымдық сын-тегеуріндер мен қатерлерді талқылауға қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Орталық Азия – бірегей мүмкіндіктер мен іске асырылмай жатқан орасан әлеуеттер аймағы. Бұл кеңістікте тұрақты әрі мызғымай дамуды қамтамасыз ету біздің ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндетіміз. Сондықтан да Қазақстан жаһандану дәуірінің алдында тұрған сын-тегеуріндер мен қатерлер жағдайында бірлескен тиімді әрекеттерді жолға қоюға талпынып келеді. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарабев Қазақстанның сыртқы саясатындағы Орталықазиялық вектордың іргелі бағытын қалады. Елбасы айтқандай, Қазақстан аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өңірдегі сын-тегеуріндер мен қатерлерге тиімді қарсы әрекет ету, әріптестікті нығайтып, оның артуына ықпал ету жолында барлық мемлекеттердің мүддесін алға жылжыту үшін жұмыс істейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік стратегиясының негізінде Елбасы бастаған бағыттың мызғымастығы мен сабақтастығы жатыр» деді министр.

Хабар 24 телеарнасы