389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясы филиалы жұмысының негізгі бағыттарын атады

  • 212
  • UPD: 09:37, 28.08.2019

«Nur Otan» партиясының құрамында тек халыққа жаны ашитын белсенділер болуы тиіс. Түркістан қаласында өткен партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мәжілісінде өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Облыс әкімі алдымен партияның белсенді мүшелерін айқындап алуды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті әкімдік, зиялы қауым және белсенділерді тарта отырып, пікір-сайыс өткізу керектігін айтты. Жемқорлық індетімен күресу үшін облыстағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ партияның облыстық филиалына халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктен солтүстікке көшу жұмыстарын жалғастыруды жүктеді. Партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге кеңес беретін, олардың арыз-шағымын тыңдайтын қоғамдық бизнес-қабылдау ашу керектігін міндеттеді. Ал өзекті мәселелерді айтуды бұқаралық ақпарат құралдарына тапсырды. Бірақ жалған ақпарат таратып, бопсалауға жол жоқ екенін айтты. Сонымен қатар Елбасының «Ауыл - ел бесігі» жобасының жүзеге асуын партиялық бақылауда ұстауды жүктеді. Сондай-ақ жиында белсенділер ұсыныс-тілектерін жеткізді. Өңірдегі өзекті мәселелер де тілге тиек етілді.

Біржан Байтуов, айтыскер ақын:

- Елбасы тапсырғандай партияның негізгі мақсаты – халықпен жұмыс істеу болса, онда неге біз осы өнер адамдарын, ұлт қайраткерлерін, ақын-жырауларды осы партияның жұмысына, халықпен жақындатуға пайдаланбасқа. елбасының насихаттап жатқан елдің бірлігін, ұлттың ынтымағын осы өнер адамдарының, ақындардың аузымен халыққа насихаттасақ, бұл кездесу өткізіп, баяндама жасағаннан елге әсері күштірек болады ғой деп ойлаймын.

Бейсен Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Атап айтсақ, соңғы жылдары балалар арасында қылмыс, әлімжеттік, бала құқығының аяқасты тапталуы болып отыр. Сонымен қатар балалардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеген. 2018 жылдың 7 айында 63 оқиға орын алса, ал 2019 жылдың 7 айында 64 оқиға тіркелген. Мектеп оқушылары арасында ерте жүктілік біздің облыс үшін өзекті мәселе. 2018 жылы 472 оқиға тіркелсе, биылғы жылдың 6 айының өзінде 308 факті тіркелді. Біз осы орайда партия тиісті органдармен бірлесе отырып, бұл мәселені шешуге тырысамыз.  

Хабар 24 телеарнасы