385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіндегі бірлескен күш-жігерді жалғастыруға шақырды

  • 238
  • UPD: 16:57, 29.08.2019
Қ.Тоқаев ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіндегі бірлескен күш-жігерді жалғастыруға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған сыйлықты бұл марапатқа қайтыс болғаннан кейін лайық деп танылған МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Юкия Аманоның жақындарына және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл іс-шараның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн мерекесімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Биыл Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және МАГАТЭ-ге қосылғанына 25 жыл толды. Сондай-ақ, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне 10 жыл болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде әлемдік қоғамдастық тарапынан әділетті түрде мойындалғанын атап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығының тарихи мәні бар. Кеңестік әскери элита мен кейбір саясаткерлердің қарсылығына қарамастан ядролық полигонды жабу туралы Тұңғыш Президенттің қабылдаған шешімі зор батылдық пен темірдей ерік-жігерді талап етті. Ол бүкіләлемдік антиядролық қозғалысқа катализатор болды, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған Елбасының бастамаларына тоқталды.

– Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі ұсыныстар, МАГАТЭ-нің қолдауымен еліміздің аумағында Уранның төмен байытылған банкінің орналастырылуы, Иранның ядролық мәселесін реттеуде Қазақстанның делдалдық күш-жігері, сондай-ақ Ядролық қарудан азат әлем құру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпыға ортақ декларациясы жаһандық тұрақтылық пен сенім негізін нығайтуға айтарлықтай үлес қосты, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлемнің кейбір өңірлерінде ядролық қауіп-қатердің сақталып отырғанына назар аударды.

– БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлемде 15 мың ядролық қару сақталуда, оның жүзден астамы санаулы минуттардың ішінде іске қосыла алады. Халықаралық қатынастардағы қақтығыс әлеуетінің артуына және қаржы-экономикалық қайшылықтардың күшеюіне байланысты ахуал шиеленісіп кетті. Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі іс-қимылдардың жалпыға бірдей бірлескен жоспарының, сондай-ақ Орта және жақын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың тағдыры айқындалмай отыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлықтың лауреаттары – МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы марқұм Юкия Амано мен Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоның сіңірген еңбегін атап өтіп, олардың ядролық қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік ісіне қосқан зор үлестерін жоғары бағалады.

– Юкия Амано МАГАТЭ-нің басшысы қызметін атқарған кезде Қазақстанда Уранның төмен байытылған банкін құру ісінде маңызды рөл атқарды және Иранның ядролық проблемасын шешуге атсалысты. Лассина Зербоның қызметі мен күш-жігері Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт Мониторингінің халықаралық желісін құру жөніндегі жұмыстардың іс жүзінде толық аяқталуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ол Шарт ұйымының Көрнекті қайраткерлер тобы мен Жастар тобын құру жөнінде бастама көтерді.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіндегі бірлескен күш-жігерді жалғастыруға шақырды. Оның айтуынша, Елбасының антиядролық бастамалары жаһандық қауіпсіздікті нығайту үдерісінің маңызды бағдары болып қала беруі тиіс.

Ақпарат көзі: Ақорданың баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы