389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияның мемлекеттік қайраткері елімізді Конституция күнімен құттықтады

  • 247
  • UPD: 14:36, 30.08.2019

Францияның мемлекеттік қайраткері, адвокат әрі дипломат Ролан Дюма барша қазақ жұртын Конституция күнімен құттықтады.

Дәл осы кісі осыдан 24 жыл бұрын Қазақ елінің Ата заңын құруға атсалысқан азаматтардың бірі. 

97 жастағы Ролан Дюма қонақжайлық салтты қатаң ұстанғандардың қатарынан болмаса да, бұл жолы қазақстандық журналистерді құшақ жая қарсы алды. Себебі оны Қазақстанға деген көзқарасы ерекше. Атап айтсақ, осыдан ширек ғасыр бұрын Ролан Дюма еліміздің ата заңын жазуға атсалысқан еді. Француз саясаткері сол күндерді әлі күнге дейін еске алады. 

Ролан Дюма, Францияның мемлекеттік қайраткері:

- Нұрсұлтан Назарбаев басқарған  Қазақ мемлекеті елге тың серпіліс әкелуді қалағанын түсіндім. Кейін ол ой-жоспарлары жүзеге асты да. Дамуға бет алған Қазақстанды қазір бүкіл әлем таниды. Біз де жетістіктеріне куә болып жүрміз. Өйткені мемлекет заң шеңберінде өмір сүреді.

Жалпы алғанда екі елдің заңдарында ұқсастық бар. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Себебі Қазақстан Франция тәжірибесіне сүйене отырып, екі палаталы Парламент пен президенттік республиканы құрды. Бұған қоса Франция құқық қорғау мен сот жүйесін қалыптастыруда да үлгі болды.

Ролан Дюма, Францияның мемлекеттік қайраткері: 

- Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Қазақ елінің ата заңын жасауға қатыстым. Бұл Конституция заман талабына сай және өз мемлекетіне әбден лайық құжат. Себебі ол күні бүгінге дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етіп келеді. Осы ретте барша қазақстандықтарды Конституция күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. 

Жалпы Франция республикасы ата заңының тарихы тереңде жатыр. Және ол әлемнің көптеген елдеріне үлгі боларлық негізгі құжат саналады. Бүгінде бұл елде жүзеге асырылып жатқан конституция сонау 1958 жылы қабылданған. Ол Ұлы француз революциясы заманынан бергі қабылданған 17-нұсқа болып табылады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан 24 жыл бұрын қабылданған ата заңымыз үш рет түзетуден өтті. Соған қарамастан, Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы