389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы құжатты БҰҰ хатшылығына тапсырды

  • 281
  • UPD: 20:00, 30.08.2019

Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөніндегі ресми құжатын Біріккен ұлттар ұйымының хатшылығына тапсырды.

Бүгінде бұл шартқа 70 мемлекет қол қойып, 26-сы құжатты ратификациялап үлгерген. Қазақстан бұл құжатқа елу жетінші болып, 2018 жылы қол қойған.

Ядролық қаруға қарсы халықаралық келісімдердің жасалғанына қарамастан, мемлекеттердің барлығы бірдей жаппай қырып-жою қаруынан әлі бас тартқан жоқ. Ядролық арсеналға ешқашан заңды түрде тыйым салынбаған. Жаңа шарт халықаралық құқықтық жағдайда осы олқылықтарды жоюға бағытталған және ядролық қаруды жою жолындағы алғашқы қадам болды. Еліміздің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров «Ядролық қаруға тыйым салу туралы» шартты ратификациялау құжатын тапсыра отырып, Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құрудағы үлесін де атап өтті. Салтанатты рәсімге қатысушылар ядролық сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды

Аранча Хиноя Оярбиде, БҰҰ хатшылығы келісімдер құқығы бөлімі басшысының м.а:

– Қазақстан әлемді ядролық қарудан арылтуға әрқашан белсенді атсалысып келеді және шартты ратификациялау туралы құжатты тапсырған жиырма алтыншы мемлекет болды. Біз қыркүйекте басқа елдер де ратификациялау туралы құжатты тапсыру мүмкіндігіне ие болады деп күтеміз.

Іс-шараға БҰҰ мен 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының өкілдері қатысты. Олар Қазақстанға ядролық қарусыздану ісіндегі табандылығы мен көшбасшылығы үшін алғыстарын білдірді.

Сет Шелден, «Ican» ядолық қаруға қарсы қозғалысының өкілі

– «Қазақстанның ратификациялау құралдарын беруі АСА маңызды. Оның үстіне бұл халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні жасалды. Мұндай қаруды қолдануға ғана емес, сонымен қатар оларды сынақтан өткізуге де тыйым салатын шартқа қатысты Қазақстанның көшбасшылығы көпке үлгі. Құжатта келісімшартқа қол қоюшыларды ядролық қару құрбандарына көмек көрсетуге және одан зардап шеккен жерлерді қалпына келтіруге міндеттейтін ережелер бар.

Сондай-ақ БҰҰ Қазақстан Тұңғыш Президентінің «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» Назарбаев сыйлығын тағайындау туралы шешімін құптайды.

Хабар 24 телеарнасы