387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту басталады

  • 230
  • UPD: 14:17, 02.09.2019

Келесі жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту басталады. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы жолдауында осылай деді.

Президент мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің саны 2024 жылы 25 процентке азаятынын айтты. Өйткені жергілікті билік өкілдері көп жағдайда бұқараның базынасына бас бұрмайды. Қордаланған мәселелерді дер кезінде шешуге атсалыспайды. Сондықтан тұрғындар амалсыз Президентке жүгінеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жергілікті билік өкілдері тұрғындармен ашық тілдеспейді. Олардың мәселесіне терең үңілмейді. Сол себепті жұрт көп жағдайда мемлекет басшысына жүгініп жатады. Сондықтан біз Президент аппараты жанынан арнайы бөлім құрдық. Олар мемлекеттік органдардың бұқара мәселесін қалай шешіп жатқанын бақылаумен айналысады.

Бұдан бөлек келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетіндігін де еске салды.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қазақстан халқына жолдауы кезінде жерді сату мәселесіне де тоқталды.

«Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», – деді ол.

Мұның алдында ҚР Президенті қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі жеткенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін айтты.

Елімізде браконьерлерге қатысты заң қатаңдатылады. Президент елімізде браконьерлердің тамыры тереңге жайылғанын атап өтіп, Үкіметке 2 ай ішінде тиісті заң жобасын күшейтуді жүктеді.

Мемлекет басшысы жолдауының толық нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы