386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні жоғары деңгейде атап өтілді

  • 127
  • UPD: 16:03, 11.09.2019

БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнінің 10 жылдығын жоғарғы деңгейдегі пленарлық мәжіліспен атап өтті. Еске салсақ, бұл күн Қазақстан бастамасымен бекітілген болатын. Форумға БҰҰ басшылығы, ұйымдағы 30-дан астам елдің тұрақты өкілдері, халықаралық сарапшылар мен тілшілер қатысты. 

Қазір әлем аумалы-төкпелі заманды бастан кешіруде. Ядролық қаруы бар елдер арасындағы қатынас шиеленісіп барады. Кез келген кикілжіңді тек бейбіт диалог арқылы шешкен жөн. Нью-Йорктегі форумның ашылуында БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Мария Фернанда Эспиноза осылай деді. Жиында Қазақстанның алып арсеналға қатысты ұстанымы сөз болды. Белді сарапшылар мен сақа саясаткерлер өзге мемлекеттерді Қазақ елінен үлгі алып,ядролық қаруға тыйым салу туралы Келісімді ратификациялауға шақырды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін бірлесіп атап өтуге келгендеріңізге рахмет. Ол Кеңес Одағындағы ең ірі Семей ядролық сынақ полигоны жабылған 1991 жылдың 29 тамыз күніне орайластырылған.  Онда 450-ден астам сынақ өткізілді, ондаған жылдар өтсе де олардың әсері әлі күнге дейін сезіледі. Бүгінгі шара екі мақсатты көздеп отыр, біріншіден ядролық сынақтар құрбандарын еске алу, екіншіден осындай сынақтардың қоршаған орта мен халықаралық қауіпсіздікке төндірген қатері туралы ақпараттандыру.

Мария Фернанда Эспиноза, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы:

- Бұл мәселеде Қазақстан ұстанымын атап өткім келеді. 1991 жылы бұл ел полигонды жабу туралы батыл шешім қабылдап, сол кезден бері ядролық қарусызданудың белсенді жақтасы болып келеді. Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақты құруды қолдап, ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін бекіткен.

Форумда Мария Эспиноза Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін «Назарбаев» сыйлығымен марапатталған МАГАТЭ ұйымының Бас директоры Юкио Аманоның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты. Халықаралық сыйлықтың тағы бір иегері,  ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо да жиында Қазақстанның саясатын өзгелерге үлгі етті. 

Лассина Зербо, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы:

- Елбасы қолынан Назарбаев сыйлығын алу мен үшін үлкен абырой болды. Ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау ісінде Қазақстан көш бастап тұрғанына ризамын. Мұны мәңгі есімізде сақтаймыз. Осы сыйлықты алғанда үлкен жауапкершілікті сездім. Қай жерде болсақ та, осы ісімізді жалғастыруымыз керек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. 21 ғасыр» Манифестінде «кез келген күштен жаңа қауіпті күш пайда болады» делінген. Кез келген қарудың арты жақсылыққа апармайды. Сондықтан әлемдегі әскери блоктарға қарсы БҰҰ атынан түрлі мемлекеттерден құралған жаһандық коалиция төтеп беруі қажет. Бұл туралы форумда БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді. Ол өзге елдерді бұл бағытта белсенділігін күшейтіп, ядролық қаруға толық тыйым салуға шақырды.

 Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы