387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары барысында 10 құжатқа қол қойылды

  • 263
  • UPD: 22:19, 11.09.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халық республикасына мемлекеттік сапармен барды.

Айта өту керек, бұл – оның Президент болғалы аспан асты еліне жасаған алғашқы сапары.

Мемлекет басшысы әуелі Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Тараптар елдер арасындағы бар байланысты бекемдей түсу жайын жеке талқылады. Сондай-ақ Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысына қатысты.

Ханзу халқы үшін қадірлі Халық жиынының үйі. Алып алаңдағы алғашқы кездесу. Мемлекет басшылары осыдан үш ай бұрын Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастағы ұйымының кеңесінде кездескен. Дегенмен аспан асты еліне жасалған бүгінгі алғашқы мемлекеттік сапардың мәні бөлек.

Қазақстан мен Қытай – әуелі көрші. Сосын да стратегияда серіктес, саясатта серік, экономиканың басқа да секторларында байланысы бекем. Қос көршінің тарихтан тартылатын достығы тағы бар. Жоғары деңгейдегі кездесулердің жиілігі де осы аталғандарды босаңсытпады, бекемдей түсті. Мысалы соңғы жеті жылда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин 19 рет кездесіпті. Ал бүгінгі алғашқы кездесуге сарапшылар қазақ-қытай қатынасының жаңа кезеңі басталы деп баға беріп жатыр.

Қытай Қасым-Жомарт Тоқаев үшін таңсық ел емес. Кеңес кезеңінде Қытай елшілігінде еңбек етті, Бейжің лингвистикалық институтында тәлім алды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен де осы елде алғаш жүздескен. Әрине ол кезде оның Тұңғыш Президенттің саясатын сабақтайтынын ешкім сезген жоқ... бәлкім...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ең алдымен сізге Тұңғыш Президенттің, досыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сәлем айтқым келеді. Біздің бүгінгі кездесуіміз Қытай халық республикасының 70 жылдың мерейтойы барысында өтіп отыр. Бұл – өте маңызды дата. Сондықтан сізге және сіздің халқыңызға тек жақсылықтар тілеймін.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

– Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі мемлекет. Беделі бар. Тұңғыш Президенттің арқасында өзіндік өрлеудің жолына түсті және ол табысты болды. Сіз президент болғалы Өрлеу. Сабақтастық. Әділеттілік дейтін үш негізгі сяаси бағдарға сүйендіңіз. Сіздің саяси бастамаңызды қолдаймыз әрі елдер арасындағы байланысты бекемдей түсуге ынталымыз.

Байланыс бар. Оған мына көрсеткіштер куә. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткіш бойынша мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 5,6 млдр доллар болған. Соның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты 3,3 млрд долларға жетіп, 43% өсімді көрсетіп отыр. Президенттің бұл сапарынан соң бұл көрсеткіштер өсе түседі. Бүгін Бейжіңде қос елдің бизнес элиталары кездесті. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысына Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Бұл кеңес 2013 жылы құрылған болатын. Содан бері 5 отырыс өтті, алтыншысы осы. Нәтижесі – 42 млрд доллар болатын 107 коммерциялық құжат.

Андрей Лавреньтев, Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы:

– Біздің компания ауыл шаруашылығы саласындағы көлік құрастыруға машықтана бастады. Ал Қытайдың бұл бағытта үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан мұндай кездесулер керек.

И Нан, кәсіпкер:

– Біздің Қазақстанмен бірлескен алты жобамыз бар. Ол жасыл энергетикаға байланысты. Соның екеуі жүзеге асты. Бірі Қапшағайда, екіншісі Шығыс Қазақстанда. Бұл жобаны Қазақстанда жүзеге асыруымыздың себебі – елдің табиғаты қолайлы. Оның үстіне мемлекет басшылары бизнесті осылай жақындастыруға үнеммі мүдделі.

Мойындау керек, Қытай – өте дамыған мемлекет, әлемдегі екінші экономика. Технологиялық жетістіктері таңқалдырмай қоймайды. Бұл – елдегі бизнес қауымдастықтың таза еңбегі. Олармен бүгін жеке жүздескен Мемлекет басшысы әсіресе инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласында байланыстарға баса мән беру керек деді.

Қытай – алып нарық. Бізге соны тиімді пайдалану керек. Қазақстан Қытайға бидай мен ұн, ет пен тұз да жөнелтеді. Мысалы, былтыр Қазақстан бұл елге 550 мың тонна астық асырған. Бұл көрсеткішті 2 млн тоннаға жеткізуге болады, дейді Президент. Президенттің ойын министр де қолдайды.

Сонымен, мемлекеттік сапардың түйініне келсек. Қос президент бірлескен мәлімдеме жасады, қос тарап 10 құжатқа қол қойды. Соның негізгісі – «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірлесе жүзеге асыру жөніндегі меморандум. Тағы бірі – әуедегі қауіпсіздікке байланысты.

Роман Скляр, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Әуедегі апаттар орын алған сәтте бірігіп қимылдау мақсатында осындай келісімге бүгін қол қойылды. Бұл отандық әуе құтқару қызметінің жұмысына өте қажет. Жақын арада ратификацияланып, келісім күшіне енеді.

Білім беру саласында да қос тарап бүгін келісімге келді. Атап айтқанда, Қытай үкіметі қазақстандық студенттерге грант ретінде суперкомпьютерлер береді.

Мемлекеттік сапары барысында Президент Қытай қоғамдық ғылымдар академиясына барып, дәріс оқыды. 40 жылдық тарихы бар елдегі ең жоғарғы академиялық құрылым қоғамдық әрі әлеуметтік зерттеулермен айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың лекциясын тыңдауға Қытайда оқып жүрген бір топ қазақстандық студенттер де келді. Қазақстан Президентінің дәрісі тек қазақ-қатынасының төңірегінде болған жоқ, Мемлекет басшысы әлемдегі ахуалға да тоқталып өтті.

Осы академия қабырғасында мемлекет басшысы өзінің ұстазымен де жүздесті. Лю Шицинь 1983-1984 жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевқа қытай тілін үйреткен. Президент ұстазына деген ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай халық республикасына сапары ертең де жалғасады. Бірақ басқа қалада. Мемлекет басшысы Ханчжоуға барады. Табиғаты мен технологиясы үндескен үлкен қалада Мрезидент атақты «Алибабаның» бүгінгі бабымен танысады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Асхат Азретханов және Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы