389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне арнап, әнұран жазу ұсынылды

  • 206
  • UPD: 20:14, 18.09.2019

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-сьезі елордада 2021 жылдың маусым айында өтеді.

Бұл туралы бүгін сьезд хатшылығының 18-отырысында айтылды. Жиында тағы қандай мәселелер талқыланды? 

Қазақ елі әлемдегі дәстүрлі дін өкілдерін бір шаңырақ астында жинап, ортақ алаң ұсынған сәттен бері 16 жыл өтті. Осы уақыт ішінде алты сьезд және хатшылықтың 18 отырысы ұйымдастырылды. Биылғы жиынның тізгінін ұстаған Сенат төрағасы Дариға Назарбаева осы жайтқа назар аударып, еліміздің конфессиялар мен өркениеттер арасындағы диалогты жүргізуге арналған мінберге айналғанын атап өтті.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізу нағыз революциялық іс еді. Ал бүгінгі күні ірі әлемдік конфессиялар басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі ізгі дәстүрге айналды.

Жиынға қатысушылар төрт тақырып бойынша әңгіме өрбітті. Әуелі былтыр қазан айында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-сьезіне қатысты пікірлер айтылды. Бұдан бөлек, келесі жетінші жиынның күн тәртібі қаралды. Тараптар 2020 жылдың наурыз айына дейін өз ұсыныстарын жария етуге уәде етті.

Мәжит Әл-Түрки, орыс-араб ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Бұл шаралардың жемісін біз алдағы уақыттарда көреміз. Қазір әлемде қантөгістер мен лаңкестік әрекетттердің болып жатқанын білеміз. Осындай шаралардың көмегімен олардың тамырына балта шабамыз. Отырыспен шектелмей, дінбасылардың ұсыныстарын жүзеге асырамыз. 

Мұхаммед Мехди Тасхири, халықаралық дінаралық диалог орталығының басшысы /Иран/:

- Бұл жиналыстардың көп болғаны жақсы. Оның көмегімен дінге қатысты көптеген келеңсіз жайттардың алдын алуға болады. Бұдан бөлек, діни көшбасшылар қоршаған ортаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар алдағы уақытта табиғатты қорғау, су көздерінің ластануы сияқты мәселелер бойынша өз ойларын айтады. 

Әлемдегі ахуалды сөз еткен дінбасылар хатшылық жұмысын жандандыру жағын да ескерді. Жиынның тиімділігін арттыру үшін бірқатар бастамалар көтерілді. Тіпті әнұран жазу ұсынылды. 

Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары:

- Сьездің секциялық отырыстарын қалай нақтырақ, кеңірек талқылау жөнінде, сосын хатшылық мүшелерін сьездің елшісі ретінде тағайындау туралы ұсыныс түсті. Неге сьездің гимны болмасқа, оны неге қазақ авторлары жазбасқа деген ойлар да болды. 

Хатшылықтың келесі, 19-отырысының өтетін орыны мен уақыты да нақтыланды. Әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері 2020 жылдың маусым айында қазақ елінің астанасында жиналады.   

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы