389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

  • 246
  • UPD: 22:50, 21.09.2019

Арменияда Қазақстанның тұңғыш құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул міндетін елдегі белгілі кәсіпкер Арам Абраамян атқарады. Ол тараптар арасында іскерлік және мәдени ынтымақтастықты нығайтуды қалайды.

Қазақстанның құрметті консулдығы Арменияның әсем табиғаты және бай тарихымен танымал ерекше аймағында ашылды. Суы минералды, атақты Джермук шипажайы осында орналасқан. Жыл сайын мұнда емделуге және демалуға Қазақстаннан келетін адам көп. Жүзімнен шарап жасау осыдан 6 мыңнан аса жыл бұрын дәл осы аймақтан басталған болатын. Ал жаңадан тағайындалған Қазақстанның Армениядағы құрметті консулы Арам Абраамян - ірі кәсіпкер. Бизнесте бағын сынап көрген ол, енді екі ел арасындағы әріптестікті дамытуға барынша күш салмақ. Осы себептен Нұр-Сұлтан қаласында өтетін құрметті консулдар съезіне аттанып, одан кейін Қазақстан аймақтарын аралауды көздеп отыр. 

Арам Абраамян, Қазақстанның Армениядағы құрметті консулы: 

- Құрметті консулдық Қазақстан азаматтарына консулдық қызметтердің барлығын көрсетеді. Қажет болған жағдайда түрлі әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуге жәрдем береді. Басты міндетіміз -экономикалық қатынастарды дамыту. Сондай-ақ Армения халқын Қазақстан мәдениетімен таныстырғымыз келеді. 

Екі ел географиялық жағынан қашық орналасқандықтан қатынау оңай емес. Құрметті консулымыз Қазақстан елшілігімен бірлесіп осы логистикалық мәселені шешуге ниетті. Былтырғы нәтиже бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы небәрі 13 миллион доллар. Сарапшылардың бағалауынша, бұл өте төмен көрсеткіш. 

Тимур Оразаев, Қазақстанның Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Басты міндетіміз екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру ғана емес, ең алдымен шағын бизнестің дамуына жақсы жағдай жасап, сыртқы байланыстарын кеңейту, Қазақстан мен Арменияның іскер қауымында серіктестер табу болып отыр. 

Трдат Саргсян, Вайоц Дзор қаласының губернаторы:

- Егехнадзорда бұдан басқа құрметті консулдық жоқ. Аймағымызда ашылған алғашқы құрметті консулдық. Бұл екі елдің бизнесіне үлкен пайда әкелетініне сенімдімін. 

Құрметті консулдық кеңсесіндегі қызметкерлер қазақ тілін меңгере бастаған. Солардың бірі Нуне Геворгян. 

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы