389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуразия елдері парламенттері спикерлері кеңесінің ауқымы кеңейіп келеді

  • 157
  • UPD: 23:43, 24.09.2019

Жалпы жыл өткен сайын Еуразия елдері спикерлері кеңесінің ауқымы кеңейіп келеді. Алысқа бармай-ақ қояйық. Былтыр ғана Түркияда өткен жиынға 40 елдің делегаттары қатысса, бұл жолы елорда төрінде 60 елдің өкілі бас қосты.

Нұршапағат Несіпбаев, Тілші:

- Жыл сайын Тәуелсіздік сарайында бірнеше ірі халықаралық шара өтеді. Мәселен, былтыр мұнда алғашқы медциналық көмек жөніндегі жаһандық конференция ұйымдастырылды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең бір ауқымды жиынға әлемнің 100-ден астам мемлекетінен 1400 мейман келді. Ал бүгін бұл нысан елімізде алғаш рет өтіп отырған халықаралық парламенттік шараның орталығына айналды. 

Мәскеу, Сеул, Анталья... енді міне, еуразия парламентарийлерінің кезекті жиынын Қазақстан астанасы қабылдап отыр. Кеңес жұмысына араласу үшін 60-тан астам мемлекет пен 14 ұйымның өкілдері келді. Олар форум алаңында интеграциялық жобаларды талқылап қана қоймай, заң жүйесін жетілдіру жөнінде өзара пікір алмасты.

Ласло Кевер, Венгрия Ұлттық жиналысының төрағасы:

- Парламенттің орны мемлекет өмір сүріп отырған тарихи кезеңге тікелей байланысты деп ойлаймын. Мәселен, Венгрияда демократияның алғашқы жылдарында парламент заң саласымен тығыз байланысты болды. Себебі жаңа заң жобаларын қабылдауымыз керек еді. Ал кейіннен оның қызметі атқарушы билікті бақылауға ауысты. Депутаттар өз дауыс берушілерінің мүддесін үнемі қорғауы керек.  

Жиынның жоғары деңгейде өтуіне үш ұйым мұрындық болды. Олар: Қазақстан Парламентінің Мәжілісі, Ресейдің Мемлекеттік Думасы және Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы. Қағаз бетінде олар тең ұйымдастырушы. Ал іс жүзінде кеңес отырысын қабылдаушы тараптың еңбегі ерен дейді форумға келгендер. 

Леонид Слуцкий, РФ Мемлекеттік думасы халықаралық істер комитетінің төрағасы:

- Қазақстанның еңбегі ұшан-теңіз. Жиынға қанша еуропалық азаматтың келгенін қараңыздаршы. Олар осыған дейін мұндай форматтан бойларын аулақ ұстайтын. Сондықтан бұл форматтың аясы кеңейіп, шын мәнінде еуразиялық сипат алғанын атап өтуге болады.  

Еуразияның саяси кеңістігіндегі елеулі шарадан хабар тарату үшін Қазақстанға 20-ға жуық мемлекеттен тілшілер келді. Олар әуелі өз елінің Қазақстанмен арадағы алыс-берісіне тоқталып, кейін парламентаралық келісімдерге ден қойды. 

Мехрибан Касумова, журналист /Әзербайжан/:

- Әрине Әзербайжан телеарнасы үшін Әзербайжан парламентінің өзге елдермен байланысы маңызды. Біз осыған баса назар аударамыз. Өзім Қазақстанға жиі келіп тұрамын. Соңғы рет Алматыда өткен медиафорумнан хабар тараттым. 

Кеңес алаңында тараптар екі жақты кездесулер де өткізді. Бұл жиындарда мемлекеттер өзара келіссөздер жүргізіп, парламентаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы