389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін толық қолдайды

  • 253
  • UPD: 15:28, 25.09.2019

«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі конференция толыққанды ұйымға айналар кез келді». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында осылай деді.

Президент Орталық Азиядағы қауіпсіздік, Сирия дағдарысы және Ауғанстан мәселелерінен бөлек, еліміздің саяси-экономикалық жағдайын да таныстырды.

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан әлемдік деңгейдегі ең ауқымды жиын. Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясының биылғы сессиясына 200-дей елдің басшысы келді. Қазақстан – бірлестіктің белсенді мүшесі. Әрі антиядролық қозғалысқа бірден-бір үлес қосқан мемлекет. «Семей ядролық полигонын жауып, ядролық арсеналдан бас тартудың өзі – теңдессіз шешім», – деді сарапшылар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды. Алайда қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар. Бұл жағдай 2030 күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібін толыққанды қолдайды. Мемлекет басшысы мінберде сөйлеген сөзінде осылай деді. Әрі еліміз антиядролық қозғалыстың алдыңғы шебінде қала беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы игі іске қосқан үлесіміздің бірі ретінде мен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың құрылуын айтар едім, МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі біздің елімізде орналасқан, біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінде БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдадық және жақында ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты бекіттік.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары конференциясын өткізу – Қазақстан көтерген бастамалардың бірі. Елбасы 1992 жылы ұжымдық көзқарас алаңы ретінде осы жиынды шақыру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша конференция қауіпсіздік пен дамудың толыққанды ұйымына айналуы мүмкін. Ал Таяу Шығысқа келсек, еліміз Сириядағы дағдарысты шешуге өзіндік үлес қосып қосып келеді. Астана процесінің 13 раунды өтіп, Таяу Шығыс мемлекетінде қауіпсіз аймақтар құрыла бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мамыр айында мен Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда Біріккен ұлттар ұйымының 16 агенттігі бар. Келесі қадам ретінде біз Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттары орталығын осы ғимаратқа орналастыруды ұсынамын.

Әлемдік деңгейдегі теріс ахуалдар елімізге әсер етпей қоймайды. Әсіресе, Орталық Азияның тұрақтылығы біз үшін аса маңызды. Осы ретте, Президент Ауғанстан дағдарысын бірлесіп реттеу қажеттігін атап өтті. Бұл елді қайта қалпына келтіруге Қазақстан көмегін ешқашан аяған емес. Дегенмен әлемнің өзге де аймақтарында қауіп көп.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Әлемге зор қауіп төніп тұр. Жер жаһан елдері екі топқа бөлінгелі жатыр. Екі алып держава арада қабырға тұрғызып жатыр. Әр қайсысында жеке валюта, интернет, жасанды зияткерлік және әскери геосаяси стратегия пайда болды. Мұны одан әрі жалғастыруға тыйым салып, әмбебап жүйелерді сақтау керек.

АҚШ, Ресей, Қытай және Еуроодақ елдері өзара текетіресін реттеуі қажет. Соңғы жылдары Иранға қатысты мәселе ушығып кетті. Ақ үй басшысы осы жолы да Ислам Республикасына қатысты батыл мәлімдемелер жасады.

Дональд Трамп, Америка құрама штаттарының президенті:

– Америка құрама штаттары менің басшылығыммен қарулы күштерін әлемдегі ең қуатты деңгейге жеткізді. Бірақ оны қолдану қажет болмайды деген үміттемін. Егер сіздер бейбітшілікті қолдасаңыздар, елдеріңізді шексіз сүйе біліңіздер. Иран лаңкестерді қолдауын жалғастырып келеді. Сондықтан оған қарсы санкциялар күшейтіліп жатыр. Жаппай қырып-жою қаруы жөніндегі келісімнен шығуымыздың бір себебі осы. Америка барлық мемлекетпен дос болуға дайын.

Мұсылман әлемінің қорғаушысы аталып кеткен Түркия президенті де Таяу шығыстағы шиеленіске алаңдайтынын аңғартты. Сирия, Ирак, Ливан мемлекеттерін лаңкестерден арылту үшін Түркия, Ресей Иран үштігі ортақ күресті жалғастыра береді деді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Идлибтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Түркия, Иран және Ресеймен бірлесіп жұмыс істей береді. Иракты да лаңкестіктен арылтқымыз келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымынан біздің гуманитарлық дағдарысты жою бағытындағы жұмыстарды қолдауды сұраймын. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы