389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясының жоғары деңгейдегі саяси форумында сөз сөйледі

  • 210
  • UPD: 23:59, 25.09.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Нью-Йоркте өтіп жатқан Тұрақты даму мақсаттары саммитіне қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Форум барысында президент бірінші болып сөз алды. Мемлекет басшысының осы мәлімдемесін назарларыңызға ұсынайық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- 2030 жылға дейінгі күн тәртібі – болашақ үшін ең үздік жол картасы. Себебі, сол арқылы барлық мемлекет әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогресстің игілігін тең дәрежеде сезіне алады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың тұрақты даму мақсаттарына жетуге шамасы жетпей жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Осы себепті біз жетістікке жеткіміз келсе, алдағы онжылдықта көбірек әрекет етуіміз қажет. Менің елімнің әлеуметтік-экологиялық әрі экономикалық саясаты 2030 күн тәртібіне сәйкес келтірілгенін айрықша атап өткім келеді. Халықаралық деңгейдегі мәселелерге қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты түрде өсіп отырады. Және тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп, инклюзивті қоғам құрып, таза экология мен есеп беретін институттарды қалыптастыра алатынына сенімдімін. Осы бағдарлама аясында мен халықтың үніне құлақ асатын үкімет тұжырымдамасын іске қостым. Мақсат – үкімет пен халық арасында диалог жүргізу және мемлекеттік саясат, әсіресе ұлттық саясат жұртшылыққа барынша ашық болуын қамтамасыз ету. Білім жүйесін жаңғырту, цифрлық экономика және қарқынды инфрақұрылымдық даму – экономикалық өсіп-өркендеудің және ауқымды прогресстің қозғаушы күші. Біріккен ұлттар ұйымын дамыту бағдарламасы бойынша тұрақты даму мақсаттарының 80%-і стратегиялық үкіметтік бағдарламалармен тікелей байланысты. 2018 жылы Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының бірлестіктерімен тығыз әріптестік орнату арқылы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін институционалдық өзгерістерді жасады. Осы саладағы алғашқы жиын биыл жазда өткен астана экономикалық форумының басты іс-шарасы болды. Сондай-ақ біз Қазақстан қол жеткізуі мүмкін жетістерге және алдағы 10 жылда кездесетін сын-қатерлерге талдау жүргізіп, көпшілікке таныстырдық. Тұрақты даму мақсаттары бір-бірімен тығыз байланысты. Олар жер шарының жалпы келбетін көрсетеді. Сол себепті белгілі бір мемлекеттерде немесе белгілі бір санаттар бойынша қол қусырып отыруымызға болмайды. Қазақстан аймақтық және халықаралық деңгейде әріптестігін арттырып келеді. Осы тұрғыда мынадай ұсыныстар жасаймын:

Біріншіден, тұрақты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстары мақсатты түрде жұмсалуы қажет. 2030 жылға дейінгі күн тәртібі кірісі орта деңгейдегі елдерге ерекше назар аудару қажет деп ойлаймын. Мәселен, Қазақстанды айтып кетуге болады. Біз секілді кірісі орта деңгейдегі елдерде тұратын халық саны 5 млрд-қа жетіп жығылады.

Екіншіден, Тұңғыш Президентіміздің бастамасы арқылы құрылған азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы су құрамындағы судың эррозияға ұшырауын және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ықпал ете алады. Алдағы уақытта бұл маңызды бастаманы 57 мемлекет түгел қолдайды деп сенемін.

Үшіншіден, мен Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақаралық орталығын құруды ұсынамын. Қазіргі күні біздің өңір сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің тағдырымыз ортақ. Сондықтан ортақ мәселелер мен қауіп-қатерлерді бірлесе шешуіміз керек. Орталық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен Ауғанстанда SDG-ге қол жеткізуді жеделдете алады.

Әлде де тереңдетілген әріптестік пен ынтымақтастық жер шарының гүлденуіне әкеледі. Бүгін біз осы сәтті алдағы мақсат-міндеттеріміз бен нақты іс-қимылдарымызды түрлендіру үшін пайдалануымыз керек. Әрқайсымыз болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз қоғам құрып, инклюзивті өсімді қамтамасыз етіп, тұрақты дамуға қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға моральдік тұрғыда міндеттіміз.

Хабар 24 телеарнасы