389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев БҰҰ БА 74-сессиясында әлем алдында қандай ұсыныстар жасады?

  • 337
  • UPD: 18:34, 27.09.2019
Қ.Тоқаев БҰҰ БА 74-сессиясында әлем алдында қандай ұсыныстар жасады?

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясы «Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбында өтті. Қазақстан Президенті осы форумға қатысу үшін Нью-Йорк қаласына 23 қыркүйекте келді. Мемлекет басшысының АҚШ-қа келуі қарсаңында америкалық беделді басылым «The Hill» газетінде оның мақаласы жарық көрді.

Жоспардағыдай БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының Жалпы дебатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі Нью-Йорк сапарының басты оқиғасы болды.

Қазақстан Президенті халықаралық беделді мінберде БҰҰ бүкіл адамзаттың мүддесін қорғайтын әмбебап әрі бірегей ұйым екенін мәлімдеді. «Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда елеулі кедергі келтіріп отырған әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді. Осыған байланысты Президент ғаламның жаңа шынайы келбеті жағдайындағы сын-қатерлердің негізгі факторларын атап көрсетті.

Біріншіден, ескі қақтығыстардың қайта қаулап, әлемнің әр түкпіріндегі жағдайдың ушығуы бұрынғы бөліністердің жігін ашып, жаһандық державаларды толықтай әскери қақтығыс жағдайына жеткізіп, жаңа мәселелер туындатып отыр.

Мемлекет басшысы екінші фактор ретінде ғаламдық және аймақтық ойыншылар арасындағы қарым-қатынаста бір-біріне деген сенімнің жоқтығын атады. Оның айтуынша, бұл бүгінгі қауіпсіздік құрылымы мен қарулануды бақылау жүйесінің іргесін сөгіп, жаппай қарулануға әкеп соғуы мүмкін.

«Бұл сын-қатерлерді ұзақ мерзімді санкциялар, сауда соғысы, ғарыштағы бақталастықтың артуы, кибертехнологиялар мен жасанды интеллект тереңдетіп жіберді. Осы айтылғандардың барлығы ушыққан фундаменталды дағдарыстың қауіпті аспектілерінің көрінісі»,– деді Президент.

Қ. Тоқаев үшінші фактор ретінде Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздікті, көзқарастар қақтығысының артуы, сонымен қатар ғаламдық қарыз дағдарысын атап көрсетті.

Ғаламдық тұрақсыздық факторын тудыратын төртінші мәселе – қоршаған ортаның тозуы. Президент Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі даланың шөлге айналуына, мұздықтардың еруіне және ауыз су мен ағын судың қайнар көзінің тартылуына әкеліп соғатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойынша толыққанды аймақтық ұйым ретінде қайта құруды ұсынды. Мұнымен қоса Президент Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты біздің елдің ұстанымын айтып, «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін білдірді.

Тұрақты даму мақсаттары туралы айта келе, Президент биылғы мамыр айында Қазақстанда ашылған Халықаралық ұйымдар ғимаратының базасында Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құру жөнінде ұсыныс білдірді.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі Форумда сөз сөйледі.

Осы орайда Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінен артта қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеді.

«2018 жылы Қазақстан БҰҰ институттарымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін «институционалдық архитектура» енгізді, оның ішінде Басқарушы кеңес те бар. Тұрақты даму мақсаттары жөнінен өткен алғашқы форум 2019 жылғы Астана экономикалық формуының негізгі іс-шарасына айналды. Биыл шілде айында біз алғаш рет ерікті түрде, Қазақстанның жетістіктері мен шешілмеген мәселелері және алдағы он жылдықта жасалуы тиіс мүмкіндіктер бойынша ұлттық шолу жасадық», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте біздің елдің тәжірибесінде Тұрақты даму мақсаттарының 80 пайызы Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларында көрсетілгені нақтыланды.

Мемлекет басшысы Тұрақты даму мақсаттарының, жалпы планетаның келбетін қалыптастыратын өзара байланысын ескерте отырып, жекелеген санаттардың немесе елдердің жетістігіне қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын айтты. Осы орайда бірқатар шараны іске асыру ұсынылды.

Біріншіден, Тұрақты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстарының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының шөлейттену, жасыл желекті қалпына келтіру, эрозия, тұздану, сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған мақсаттарының маңыздылығын атап өтті. Ол жақын болашақта ИЫҰ-на мүше 57 мемлекеттің барлығы осы бастамаға қосылатынына сенім білдірді.

Тағы бір пәрменді шара ретінде Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құру атап өтілді. Бұл Тұрақты даму мақсаттарын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, басқа да Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда жүзеге асыруды жеделдетеді. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемелеріне толықтай сәйкес келетінін қадап айтты. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының ресми іс-шаралары аясында бірқатар кездесулер өткізді, оның ішінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен де жүздесті. Қазақстан Президенті АҚШ-пен саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуды жалғастыра беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күніне құрылған ресми бағдарламасы америкалық ірі компаниялардың басшылары қатысқан жиын өткізуімен түйінделді. «АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен кездесуде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту жөнінде сындарлы диалог болды. АҚШ дәстүрлі түрде Қазақстанның жетекші бизнес серіктестерінің қатарына кіреді. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор екені сөзсіз», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында. Осы орайда АҚШ Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екені айтылды. Бүгінде біздің елімізге америкалық инвесторлар жалпы көлемі 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен, Молдова Президенті Игорь Додонмен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен, Иордания Королі ІІ Абдалламен, Швейцария Президенті Ули Мауермен, Болгария Президенті Румен Радевпен, Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен, Польша Президенті Анджей Дудамен кездесті. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді. Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған «Кедейлікпен күресті жан-жақты күшейтуді ынталандыру, сапалы білім беруге, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі іс-шараларға және инклюзивтілікке ықпал ету» тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өз кезегінде Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы күнтәртібінде жетекші рөл атқаратыны, өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды.

Қазақпарат

Хабар 24 телеарнасы