389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан ИНТОСАИ ұйымы төрағасының орынбасары қызметіне лайықты деп танылды

  • 329
  • UPD: 14:09, 28.09.2019

Қазақстан тарапы ИНТОСАИ ұйымы төрағасының орынбасары қызметіне лайықты деп танылды.

Қазақ елінің есеп комитеті сондай-ақ ұйымның басқару кеңесіне де мүше болды. Бұл аудит бойынша жоғарғы органдардың халықаралық қауымдастығы. Ұйым 1953 жылы бүкіл әлемде мемлекеттік аудитті жетілдіру және осы салада ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған.

Аудиторлардың халықаралық конгресінде 600 сарапшы бас қосты. Бұл жиында ұйымның бұрынғы төрағасы - Біріккен Араб әмірліктері өз өкілеттігін Ресейдің есеп палатасына тапсырды. Олар алдағы үш жылда аталған ұйымды басқарады. 

Алексей Кудрин, РФ есеп палатасының төрағасы:

– Аудиттің жоғарғы органдары көп ғасыр бойы жұмыс істеп келеді. ИНТОСАИ өзінің 65 жылдығын тойлады. Рим декларациясы қабылданғанына 42 жыл өткен. Жұмысымыз үшін дәстүр мен стандарттардың маңызы зор. Қоғамға қызмет етуде және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін аудиттің жоғары органдары өз жұмысында тәуелсіз болуы қажет.

Ұйымға мүше 168 ел Қазақстанды ұйым төрағасының орынбасары етіп сайлады. Қазақ елінің есеп комитеті ИНТОСАИ-дың басқару кеңесіне де кірді.

Наталья Годунова, ҚР есеп комитетінің төрағасы:

– Кез келген елдің бюджеті – ұлттық стратегиялық мақсат пен мүддеге жетудегі құралы. Сол себептен бүкіл әлем аудиторларының негізгі міндеті жалпыұлттық мақсаттарға жету барысын бақылау болып отыр. Қазақстан ең алдымен аудиттің халықаралық стандартары бойынша жұмыс істеуді және бұл саладағы әлемдік үрдістерді үйренуді көздеп отыр. 

Тәжірибе алмасу үшін Конгресс аясында Қазақстан делегациясы Оңтүстік Корея, Австралия, Израиль, Жапония және Әзербайжан әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Бұл басқосулар мемлекетаралық байланысты арттыруға септігін тигізетініне тараптар сенімді.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы