389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2020 жылдың соңына қарай 880 ауылда кең жолақты интернет желісі қолжетімді болады

  • 283
  • UPD: 15:58, 01.10.2019
2020 жылдың соңына қарай 880 ауылда кең жолақты интернет желісі қолжетімді болады zakon.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ауылда интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселелері туралы өткен Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндама жасады. 

А. Жұмағалиев айтқандай, Елбасының тапсырмасын және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының елді мекендерін Интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3 324 ауылдық елді мекенде кең жолақты Интернет қол жетімді. Олар түрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, олардың ішінде талшықты-оптикалық желілер, 3G және 4G желілері бар», — деді министр.

2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. 

Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3% құрады және әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орынға ие болды.

Ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен ары қарай қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда.

Бірінші кезең — талшықты-оптикалық желілерді салу. Жобаны іске асыру 1 250 ауылдық елді мекенде жоғары жылдамдықты Интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылғы 1 жарты жылдық қорытындысы бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау нысаны мен 76 білім беру нысанында) іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы тағы 509 ауылды қосу жоспарлануда.

Екінші кезең — LTE (4G) мобильді байланыс желісін дамыту арқылы 3 143 ауылды: 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046 және 2021 жылы – 1 523 ауылды Интернетпен қамту жоспарлануда.

Осы аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250–ден асатын 880 ауылдық елді мекен кең жолақты Интернет желісімен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, ары қарай тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылдық елді мекенді Интернет желісіне қосу жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен Интернет желісіне қосылады.

Ал қалған ауылдарға жерсеріктік байланыс технологиясын қолдану арқылы Интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Бұл орайда ауылдық елді мекендерді Интернет желісіне қосу ҚР Ұлттық экономика министрлігі жасаған перспективалы ауылдар тізіміне сәйкес орындалатын болады.

Сондай-ақ, байланыс қызметін көрсету сапасын жақсарту мақсатында, министрлік байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтау жұмыстарын жүргізетін болады. Байланыс сапасы жақсарту үшін әкімдіктер және байланыс операторларымен осы учаскелерде қосымша базалық станцияларды орнату мәселелері пысықталды. Мысалы, Щучинск – Бурабай курорттық аймағы және Нұр-Сұлтан қаласы аумағында әкімдіктермен бірге арнайы мачталар салу мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мачталарды жеке кәсіпкерлер салады, ал байланыс операторлары сол жерлерде базалық станцияларын орнатады. Осындай жұмыстар Алматы қаласының және Павлодар облысының әкімдіктерімен де жүргізіле бастады.

А.Жұмағалиев сонымен қатар Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. 

«Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік Қазақстанда 5G технологиясы бойынша желіні енгізу жұмыстарын атқаруда. Осы орайда, Жол картасы бекітілді. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткізілді. Сонымен қатар, сынақ жұмыстарын биыл қазан айында Шымкент қаласында өткізу жоспарланып отыр», — деді министр. 

Сынақ қорытындысы бойынша технологияның заттар Интернетін, телемедицинаны, өнеркәсіпті цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамыту үшін пайдаланылу мүмкіндіктері сарапталатын болады .

5G технологиясын енгізу үшін қажетті инвестициялар көлемі үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны енгізуді республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) ұйымдастыру жоспарлануда.

2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен Экспода енгізу жоспарлануда. Ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, ірі сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясы пайда болады. Одан әрі 2023 жылдан бастап еліміздің барлық облыс орталықтарында 5G енгізу жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы тұрғындарының 97 %-ы кең жолақты Интернет желісімен қамтылатын болады. Тұрғындардың қалған 3%-ы үшін жерсеріктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

«Интернет желісіне қолжетімділікті ауылдық елді мекендерде арттыру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша электрондық денсаулық сақтау, электрондық қызмет көрсету және басқа жобаларды іске асырудың негізгі элементі болып табылады. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етеді. Ал тұрғындарға цифрлық технологияларды толыққанды қолдануға мүмкіндік беріп, Қазақстан экономикасының дамуына өз ықпалын тигізетін болады», — деп түйіндеді А. Жұмағалиев.

«Қазақтелеком» АҚ «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп МЖӘ шарты аясында «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету» жобасын іске асырып жатыр. Аталған жоба туралы толығырақ «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев айтып берді.

«Біз өткен жылы ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу бойынша үлкен жобаны қолға алдық. Мұнда біз Қазақтелеком мен Транстелеком компаниялар тобы қатысатын консорциум қызметін атқарамыз. Алдымызға қойылған міндет – 3 718 бюджет мекемесі орналасқан 1250 ауылдық елді мекенді қамту болды», — деді Қ. Есекеев. 

Сонымен қатар, минималды жылдамдық талабы 10 Мбит/с құрады. Жеке серіктестер салуды жоспарлаған ТОБЖ жалпы ұзындығы ауыл ішілік желілерді қоса алғанда 20 мың км-нан асады, сондай-ақ, жобада деректерді тарату жабдығы мен көлік желісі жабдығын орналастыру қарастырылған. «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ инвестицияларының жалпы көлемі 68 млрд тг құрайды. Ауылдық елді мекендер осы екі компания арасында бөлінді: 828-і — «Қазақтелеком» АҚ-да, 422-сі — «Транстелеком» АҚ-да. 

«Біз жеке серіктеспіз, келісімшарт 14 жылға жасалды. 3 жыл ішінде біз инфрақұрылым саламыз, оның қызметтер 14 жыл ішінде көрсетіледі», — деп түсіндірді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы. 

Қазіргі таңда жеке серіктестер жобаны іске асыруда 177 мемлекеттік органды қосты. («Қазақтелеком» АҚ – 29, «Транстелеком» АҚ – 148). Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 664 мемлекеттік органды қосу қажет. 

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы 2019 жылдың соңына дейін 279 елді мекендегі 841 мемлекеттік мекемеде кең жолақты интернет қолжетімді болатынына сенім білдірді. 

Ақпарат көзі:primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы